Нысандар

Картаға енген нысындардың тізімі

Қараман ата қорымы және жерасты мешіті (ХIII–ХIХ ғасырлар)

Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе селосы 35 км оңтүстік-батыс бағытта

Координатасы: N 43°53' 59.18", E 51°52' 19.25"  

Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш алғаш рет 1951-1952 жылдары  М.Меңдіқұлов басқарған экспедициямен зерттелген. Қараман ата мешітінің салыну кезеңін М.Меңдіқұлов XII ғ-ға жатқызады.1976 жылы А.О Итенов, 1979 жылы М.С.Нұрқабаев жетекшілігімен қорымға зерттеу және құжаттандыру жұмыстары жүргізілген. Ескерткіш алғаш рет Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №38 Қаулысы бойынша 26.01.1982жылы Республикалық дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 ж. 30 наурыздағы №119 бұйрығымен республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. 

Маңғыстау облысы әкімдігінің 08.12.2010 ж. №414 қаулысымен ескерткіштің қорғау аймақтарының шекаралары бекітілген. Қорымдағы объектілер бойынша 2002, 2013-2014 жж. «Қазреставрация» РМК жобалау-сметалық құжаттамаларын жасақтап, 2014-2015 жж.«Маңғыстауреставрация» АҒЖӨШ ғылыми-реставрациялау жұмыстарын өткізген.

Қорымның ішінде орта ғасыр дәуіріне жататын құлпытастар, тас қоршаулар, XIX ғасырдың II жартысы XX ғасырдың басында Адай шеберлерінің қолымен тұрғызылған күмбезтамдар және көптеген сағанатамдар кіреді. Қорымның батыс бөлігінде Қараман ата жерасты мешіті бар. Мешіт тау жынысынан тұратын онша емес үлкен төбенің баурайынан қазылған. Оны салушы құрылысшылар кезінде сол жердегі табиғи үңгірді өз пайдасына жаратып, лайықтап өңдеген болуы мүмкін. Жерасты мешіті үш бөлмеден тұрады: кіреберіс бөлме, оған жалғасқан намаз оқитын зал және атаның сүйегі жерленген дөңгелек бөлме. Кірер бөлім діни жоралғылар өтетін негізгі галереяға алып келеді. Ішкі бетінде төбенің төмен түсіп кетпеуі үшін тау жынысының өзінен және арнайы қолдан қаланған үш колона орнатылған. Қазылып алынған мергельді тау жынысының қалың болмауына байланысты ескерткіш бөлмелер аласа болып келеді. Жерасты мешітінің сыртқы жағынан ішке жарық түсуі үшін екі ойық жасалған.

Тарихи деректер мен аңыз-әңгімелер: Маңғыстаудағы ең ескі және үлкен қорымдардың бірі - Қараман ата қорымы. Маңғыстаулық қазақтар тарихында “Қараман – атадағы анттасу” деген оқиғамен белгілі. Бұл жер бағзы заманнан бері ант берісіп, ақ қараны айыратын, адасқанды тура жолға бастайтын, жастарды қолдайтын қасиетті орын болған делінеді. Осында Бекет-ата төрелік еткен қазақтар мен түрікпендер арасында дау шешілген. Қараман  ата туралы ел арасында түрлі аңыз нұсқалары сақталған. Оның біреуінде Қараман ата Шопан ата әулиенің інісі екен делінеді. Екінші бір аңыз Қараман ата мен Есен аталар Шопан атаның баласы делінеді. Есен ата мешіті мен Қараман ата жер асты мешіті арасында да жол болған деседі. Қараман ата осы жерасты жолымен келіп, мешіттен 6-7 шақырым жердегі Ақсай тұйығынан су алып тұрғандығы жайында айтылады.

Халық ауызында айтылатын аңызда бір замандарда Ақман және Қараман дейтін ағалы-інілі адамдар болыпты. Олар халық арасында өздерінің қасиетімен атақтары шыққан екен. Бірақ бірде Қожа Ахметпен айтысып қалған олар өз руластарын батысқа, Маңғыстауға бастап келіпті. Қараман атаның қай жағынан да белгілі құдырет иесі болғандығы жайлы әңгіме, аңыздар көп айтылады. Оның алғашқы табан тіріп, білім нәрін таратқан орны, қазіргі соның атындағы үлкен қауым тазалық, адалдық анты өткізілетін жер болыпты. Ел мен елдің, ру мен рулар арасындағы шешілмей дауға айналып бара жатқан, арты қантөгіске ұласар қиын мәселелерге осы жер тоқтау айтқан, тәубесіне келтірген. Ертеректе осы түбекті қатар жайлап, қатар өмір сүрген екі елдің арасындағы суын жылқыға бола басталған дау арты бітпес, түйіні шешілмес мәселеге айналыпты. Егер бұл дау уақытында шешілмесе оның ақиқатына жеткенше талай-талай қантөгіс болып, талай боздақтың ат жалын құшып өмірден өтетіні белгілі болатын. Ақыры екі ел Қараман ата басында анттасуға келіпті. Ол кезде үрдіс бойынша анттасуға тігілетін адам дау қуушының ең қимасы болу керек екен. Антқа түрікмендердің талабы бойынша оған Қожаназардың кенже баласы Қошан апарылыпты. Қазылыққа құдыретіне екі ел бірдей бас иіп, мойынсұнған Бекет тағайындалыпты. Тоғыз жасар Қошанды шымқай қара киіндіріп, меңсіз қара атқа отырғызып, ерінің басына біз шаншып; Уа, Қараман ата, біз айыпты десең  бізді ат, қара айыпты десең қараны ат,- депті. Сонда қара ат табанда қатыпты, біз анадай жерге ұшып кетіпті. Мінген аты құлап бара жатқанда Қошанды Бекет қолтығынан көтеріп алыпты. Бекет, сен қандастарыңа тарттың, мұнымен келіспейміз,- деп түрікмендер шу көтеріпті. Онда ертең осы уақытта Қаразымның бойындағы Шекепар (Шейх-Күбірә) әулесінде кездесейік,- деп Бекет аққуға айналып көкке көтеріліпті. Көз алдындағы кереметті көрген түрікмендер өздерінің артық кеткен қатесін түсініп, әулие алдында кешірім өтініпті,-делінеді.

Дерек көздер:

1. Маңғышлақта өмір сүрген және өлген киелі ханафие секталары жайында адайлардың аңыздары. // Кавказ тау халқы туралы мәліметтер жинағы. 7 шығарылым. Тифлис, 1873;

2. Серікбол Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Арыс» баспасы -2007;

3. М. Қалменов, О. Көшбайұлы «Маңғыстау жер асты мешіттері». Алматы, «Орхон» баспа үйі – 2010;

4. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қоры, архив қоры КППМ-232/17 (ескерткіш паспорты).

 


Оқылған саны: 10941

Бердалы батыр қорымы (XVI-XX ғасырлар)

Кең ауқымдағы қорымда 100-ден астам әртүрлі уақыт кезеңінің түрлі ескерткіштері бар. Мұндағы ең ертедегі қабірүсті құрылысы шала өңделген тастардан қаланған. Үйлесімдік жағына қарай қорымның батыс жағы қоршау түріндегі, сағанатам және құлпытас ескерткіштерімен басым. ...


Ержан хазрет жерленген жер

Ұстаудан босанып келген соң жергілікті тұрғындардың өте жоғары дәрежедегі сұранысына сай өкімет тарапынан рұқсат етілген бірден-бір діни дәстүр – қаза болғандарды мұсылман шариғатына сай жерлеу ісімен айналысты. Өмірі бойы өз білімін өсірумен болды, көп жерлерден діни кітаптар алдырды. ...


Есен ата жерленген жер

Қорымның аумағына кіре-берісте дәстүрлі қағидаға сай дұғалық орын орналасқан. Ол тас қаландыларымен қоршалған. Мұнда бір ескерткіш тас үйінді түрінде, әрі тік орнатылған ағаш бақанымен ерекшеленген, ал басқасы созылған ұзын шарбақ ретінде орналасқан. ...


Есмамбет әулие жерленген жер

Қорым әр түрлі және әр кезеңге жататын 100-ге жуық ескерткіштен тұрады. Ең ерте кезеңдік ескерткіштер сәулеттік композициялық мәнері бойынша 17 ғ. соңына жатады. Олар негізінен сағанатам, қойтас, құлпытас және мешіт құрылысы. ...


Иса Тіленбайұлы кесенесі

Иса Тіленбайұлы (1829-1909) – халқына даңқы жайылған айтулы батыр, ауызы дуалы шешен, би, ұзақ жылдар ел билеген болыс, серілік құрған, ақындық сөз шығарған жан-жақты өнерпаз тұлға. Ол Адайдың оныншы ұрпағы. ...


Көне Бейнеу қорымы және Бекет-ата жерасты мешіті (ХVIII–ХIХ ғасырлар)

Көне Бейнеудегі Бекет ата жерасты мешіті (ХI-ХIХ ғғ.) тек қана Қазақстан үшін емес, барлық мұсылман әлемі үшін маңызы бар киелі орын. ...


Күйеу там кесенесі

Күйеу там ескерткіші төртбұрышты сағанатам түрінде қаланған. Мұнда қабырға беттерінде түрлі жан-жануардың бейнесі, адам қолының таңба-ізі, алақан, қылыш пен қанжар суреттері салынған. Қорымның солтүстік батыс бөлігінде ескерткіштердің көп бөлігін топырақ басқан. ...


Booking.com
Страницы: 1234567