Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Амантұрлы қорымы
Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу селосынан 35 км солтүстік-шығыс бағытта орналасқан.
Координатасы: N45 21.846 E55 35.958
Ескерткіштің сипаттамасы: Қорым кішігірім дөңнің үстінде орналасқан. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қорымнан күмбезтам, 2 сағанатам, 6 құлпытас, 3 құлпытас, қойтас, 3 құлпытас, тас қоршау, 2 қойтас және сандықтас, 1 құлпытас барлығы - 18 ескерткіш мемлекеттік есепке алынған. Қорымдағы ерекше көзге түсетін ескерткіш Амантұрлы батырға арнап қойылған күмбезтам. Күмбезтам жоспарда тік төртбұрышты іші-сырты өңделген плита тастардан, ортасы өңделмеген тастармен қаланып, бірсатылы белдікке орнатылып, дулыға тәріздес күмбезі шығарылған. Күмбезтамның маңдайшасы ою-өрнектермен безендіріліп жасалған, кіреберіс ойығы тіктөртбұрышты келген. Кіреберіс ойығының жақтаулары шығыңқы ойылып жасалып, ою-өрнектер қашалып салынған. Күмбезі өңделген плита тастармен көмкеріліп жабылған төбесіне әйкелтасы орнатылған. Қорымда орналасқан кіші пішінді сәулет ескерткіштер ою өрнектермен көмкерілген, рулық таңбаларда кездеседі.
Қорым алғаш рет 1985 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған.
Тарихи деректер, аңыз-әңгімелер: 1983 жылы М.С. Нұрқабаевтың басшылығымен «Маңғышылақреставрация» СНРПМ мекемесі зерттеу жұмыстарын жүргізген. 2007 жылы «Көшпенділердің мәдени мұра мәселелері бойынша ҚазҒЗИ» экспедициясы кезінде зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Күмбезтам Амантұрлы батырдың басына тұрғызылған. Амантұрлы тарихи тұлғалардың бірегейі - Қосқұлақ руының Жаналы тайпасынан шыққан батыр. Өз тұсында елін, жерін сыртқы шапқыншылардан қорғаған батырлардың бірі. Амантұрлы батырдың аруағына жергілікті халық бас иген. Батырдың өмірден өткендігі туралы екі дерек бар. Біріншіден қанды шайқаста қаза тапса, екіншіден аты орға құлап бетін қан жапты делінеді. «Бейнеу» атты кітапта оны 1832 жылдары Даукескеннің қамалында қаза тауып, сүйегін келесі жылы әкелініп, осы жерге жерлеген дейді.
Дерек көзі: "Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы" ММ құжаттары. «Бейнеу» кітабы Алматы-2002ж
Оқылған саны: 88