Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Отпан тау тарихи-мәдени кешені
Орналасқан жері: Маңғыстау ауданы, Жыңғылды селосынан 15 км
шығыс бағытта
Координаталары: N 44°11' 27.45" , E 51°53' 17.58"
Ескерткіштің сипаттамасы: 2004 ж. тарихи-мәдени кешен жобасы ақын Сабыр Адайдың бастамасымен қолға алынып, сәулетші Көпбол Демесіновтің жобасымен салынған. 2007 ж. 25 қазанда кесене ашылды. Казіргі таңда тарихи-мәдени кешен Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Сондай-ақ, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енді.
«Адай ата-Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешені құрамы:
«Ана келбеті» ескерткіші. Адай Атаның жұбайы барлық аналардың образы. Жүзінде айдың, жүрегінде күннің суреті өрнектелген. Бұл ананың жүзі айдай жарқын, жүрегі күндей ыстық деген мағынаны білдіреді. Көкірегінің тұсында ұшып бара жатқан екі қыран құстың суреті бейнеленген. Бұл ананың құрсағынан шыққан екі баласы Құдайке мен Келімберді. Аналар үйдің иесі. Сол себепті «Ана келбеті» ескерткіші Адай атамыздың Ақордасы – Ақсарайдың жанына орналасқан. Биіктігі 15 метр.
362 баспалдақ. Киелі Маңғыстауда мекен еткен 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ Аксарай мен Адай ата кесенесін жалғастырады.
Адай ата елінің Ел таңбасы. Қалқанның фонында айқастырылып салынған. Найза мен қылыш, ортасында бүкіл ел білетін атауы «Жебе» делінетін Адай таңба. Бұл таңба ұштары біріккен үш сызықшалардан тұрады және ол садақ оғының ұшын бейнелейді. Бұл Ерліктің, Елдіктің, Бірліктің белгісі.
Көкбөрі. «Түгел түркі түбі бір, түпатасы – Көкбөрі» деген ұғымға сай,түркі халықтарының символы.
Ұран оты. Маңғыстаудың ең биік шоқысы, Балтық теңізі деңгейінен 532 метр биік Отпан тау ел бірлігінің символы болып келді. Бұл жерде ерте кезде ел басына күн туғанда Адайлардың бас қосатын жері болған. Ел іргесіне жау тигенде адайлар Отпан тау басына от жағып белгі берген. Оны көрген батырлар келісімді жерге жиылып, бас біріктіріп, жауға соққы берген. Қазір бұл жерде жыл сайын Маңғыстау халқы 14 наурыз - Амал мерекесін тойлайды, наурыздың 13-нен 14-іне қараған түні бірліктің, достықтың, тірлігіміз бен намысымыздың, ұлттық тәуелсіздігіміз жолындағы мәңгілік оты жағылады. От жағу рәсіміне өлкеде еңбек етіп өмір сүріп жатқан он екі ата Байұлының (Кіші жүз) өкілдері, Ұлы Жүз бен Орта Жүздің де өлкемізге белгілі зиялы ақсақалдары қатысады. Солардың қолынан өткен факел ең соңында Адай Атаның сегіз немересінің ұрпақтарының қолымен жағылады.
Тарихи-деректер, аңыз-аңгімелер: Адай ата – қазақ халқының қалыптасуында көрнекті рөл атқарған тарихи тұлға. Шежіре бойынша сегіз арыс адай елі осы Адай атадан тарайды. Адай бабаның тарих аясына шығуы 15 ғасырдың орта тұсы. Ол кенже немересі Мұңалдың қолында бақилық болған. Адайлардың Мұңалды қарашаңырақ иесі, киелі босаға, құт-береке дарыған «мұңал ошақ» деп ерекше атайтыны да осыдан. «Мұңал ошағы» Қазығұрт тауының оңтүстігінде, білетіндер оны қасиетті қараорын деп кие тұтады. Адайлардың ең көп тараған іргелі аталарының бірі – Қосай. Жазушы Ә.Кекілбайұлы Адайдың 1435 – 1449 жылдары он төрт жыл хандық құрғанын жазады. Бұл тарихи деректі И.Трофимов пен Әнес Сарай нақтылай түседі. Адай бабаның жұбайы Жанар – Қарақалпақ Жантаза байдың қызы деп айтылады. Құдайке мен Келімберді осы Жанардан туады. Адай тегі туралы деректемелерде шежірешілердің қай-қайсысы да Адайдың әкесі Елтай, шешесі Қанбибі екенін мойындайды.
Ерте заманда елге жау шапқанда кең-байтақ Маңғыстауды ру-ру болып жайлап жатқан халықтың басын жинап, туған жерін қорғау үшін Отпан таудың басында Ұран отын жаққан. Сөйтіп, Адай руы бірігіп елін, жерін жаудан қорғап қалған. Отпан таудың басынан жаққан алау от сонау Үстірттің үстінен көрінеді екен. «Отпан тау – жеріміздің төрі, Адай ата кесенесі – еліміздің мөрі» деген ұран осы жердің барлық құдіреттілігін сипаттайды. Отпан тау – ата-бабаларымыздың аяғы, тұлпарларының тұяғы тиген, батырларымыз бен билеріміздің басын қосып, ақылдасып, елдің тағдырын шешетін шешімдер қабылдаған жер. Аталарымыз осы жерде елдің амандығына садақа беріп, Алладан ұрпақтарына саулық, тілеп, алыс жолға аттандырып отырған. Ерте заманда адам баласын суықтан қорғайтын панасы, ыстықтан қорғайтын көлеңке, жауыннан қорғайтын шатыр, желмен дауылдан қорғайтын ықтасын болған.
Дерек көздер:
1. «Маңғыстау» энциклопедиясы, Алматы, 1997;
2. Әбішұлы С., «Өмір өрнектері», Алматы, 2002;
3. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қоры.
Оқылған саны: 12593
Бейне-материалдар
Маршрут
Оғыланды ата жерленген жер
Сисем ата кешені
Сисем-ата қорымы - өлкені мекендеген көшпелілердің сәулет өнері мен салт-дәстүрлері, діни дүниетанымдары мен әлеуметтік-саяси даму үрдістерінен деректі мағлұмат беретін құнды ескерткіш. Маңғыстаудағы ең ірі және ежелгі қорымдардың бірі, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан. ...