Нысандар

Картаға енген нысындардың тізімі

Сұлтан үпі жерасты мешіті

Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы Таушық селосынан 30 км солтүстік-батысбағыттаорналасқан.

Координаталары: N 44°28' 18.97" , E 51°0' 36.72"  

Ескерткіштің сипаттамасы: Қорым 1982 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған. Зиярат орны және Сұлтан-үпі кесенесі - тік қойылған ағаш сырықты шеңберлі қоршау түріндегі әулие Сұлтан үпі қабірі бастап тұр.Жерасты мешіті, зираттан біршама қашықтықта солтүстік-шығысқа қарай орналасқан.Сұлтан-үпі мешіті жердің тастақ қабатынан ойылып салынған. Мешіт теңіздің солтүстік жағажайының оңтүстік-басты бөлігінде орналасқан. Ескерткішті Маңғыстау МТМҚ ММ мамандары 2003 ж. зерттеген. Жерасты мешіт бірнеше камералық бөліктерден - 9 бөлмеден тұрады. Мешітке түсер баспалдақ өңделмеген әртүрлі өлшемдегі тастармен тіке қаланған. Баспалдақ арқылы биік күмбезді залға түседі. Қабырға құрылысы тастан қаланған. Бөлме ішінде біршама көтеріліп шығатындай баспалдақ жасалған. Зал тікбұрышты, қабырғалары горизонтальды қалауымен биіктігі 3м-ге дейін жетеді. Залдың солтүстік қабырғасында да ойығы бар, тар бөлмеге апарады.

Сұлтан-үпі сайы - Түпқараған түбегінің солтүстік жағалауында Сарытас бұғазына жақын жерде  ұзындығы 5 шм-ға теңізге дейін созылған. Бұл жердің көріктілігі мен әсемдігі көрген адамды өзіне еріксіз тартады. Бұл жер шілденің аптап күндерінде жаныңа жайлы қоңырсалқын болып келеді. Сұлтан-үпі сайы терең және әдемі. Сайдың түбімен жылғалар ағады. Өлкенің басқа жерінде көп кездесе бермейтін өсімдіктердің бірнеше түрлері ұшырасады. Сайдың баурайы мен түбінде бабажапырақ, шатқал, мойыл, жібек құрты, нарпоз, бүлдірген, таңқурай, майда қатран, палас жуасы, жалынгүл, тұт, әр түрлі шөптер мен баттауықтың қалың бұталарына толы. Сонымен қатар сайдың мергел қабатынан ағып жатқан бұлақтары өсімдіктердің қаулап өсуіне үлкен әсер етіп отыр. Сай өзіндік ерекшелігімен көптеген жануарлар мен әртүрлі құстардың да мекені. Мұнда тау ешкісі, қарсақ-түлкі, қара кірпі, су қарақұсы, ала торғайлар кездеседі. Сайдың жоғарғы ұшпаларынан тас дәуірі адамдарының мекендеген іздері, бірнеше қауымдар мен бекіністер кездестіруге болады. Сайдың тереңдеу жерлерінде ежелгі қоныс орындары бар. Сайдың үстінен 3 км қашықтықта теңіз жағалауының ғажайып панорамасын тамашалауға болады. Сұлтан-үпі сайы 1993 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынды.

Сұлтан үпі құдығы - жардан 6 м жерден ойып салынған жартыаралдағы ең тұщы, ең дәмді, ішуге жарамды таза су. Құдық тереңдігі 10-12 м. 1870 жылы П.Ломакин жазбаларында Сұлтан үпі бұлағы айтылады, бірақ құдықтар туралы мәліметтер жоқ.

Тарихи-деректер, аңыз-әңгімелер: 1873 жылы Тбилиси (Тифлис) қаласында басылып шыққан «Предания адаевцев о святых секты ханафие, живших и умерших на Мангышлаке //Сборник сведений о кавказских горцах» 7-ші шығарылымында жазылған аңыз-деректерде Сұлтан епе  Сүлеймен Бақырғанидың баласы екен (аңыз әңгімелерде ол кісіні Хаким ата деп те атайды).

Аңыз бойынша, Сұлтан үпі адамзатты су апатынан құтқарушы. Адамдар «Сұлтан үпі, сақтай гөр су апатынан» деп жалбарынған. Әкесінің міндетті намазын оқуы үшін, Меккеге бармас үшін Қағбаны әкеліп берген. Өлген жануарды тері мен сүйектен қайтадан тірілткен. Сұлтан үпі жерасты мешітін салған адам – Хайролла есімді сопы. Енді бір деректерде Сүлеймен Бақырғани баласы Сұлтан-үпінің кереметтілігі өзінен асып түсетінін байқағаннан кейін, «Балам, екі қошқардың басы бір қазанға сыймас» деген. Бірде құрбан айт мерекесінде Хакім атаның мүридтері жиналып он өгіз сойып, келесі күні келген Сұлтан-үпіге ештеңе қалдырмастан жеп қойғаны, жалпы әкесінің баласына әр кез сенбестік білдіріп, сын көзбен қарағаны үшін ренжіп, әке-шешесімен қоштаспастан, көрінбей кеткені жайында жазылады. Хакім ата жоқ болып кеткен ұлын ұзақ іздейді, бірақ таба алмайды. Мұны естіген Қожа Ахмет баласына дөрекі қараған Хакім атаға ренжіп, сенің молаңның үстінен қырық жыл бойы су ақсын деп бата береді. Көп ұзамай Үргеніш (Әмудария) өзені өз бағытын өзгертіп, Бақырған қаласын қиратып, оның үстімен ағады.

Сұлтан-үпі жоқ болып кеткеннен кейін жүз жыл өткесін Маңғыстауда ноғайлар көшіп жүрді. Осы күнгі Сұлтан-үпі сайының маңында көп үйлер орналасып, соның бірінде бала оқытатын бір молда болыпты. Оның шәкірттері ішінде Хайролла есімді өзі ақсақ, аурушаң бала бар еді. Оны мектепте молда, үйінде тумаластары сабап қорлық беретін болған. Бірге оқыған жолдастары да күн көрсетпейтін. Бір сөзбен айтқанда өмірдегі бар қиындықты көріп жүрген бір мүсәпір еді. Мұндай қайғыға шыдамай ол бір күні дала кезіп кетіп, «Бұл өмірде енді менің көрер рахатым жоқ қой» деп ойлап, өзіне қол жұмсағысы келді. Ұзақ жүрістен шаршаған ол бір тастың үстіне келіп отырады. Ұйықтап жатқанда оған бір бейтаныс адам түсіне еніп «жылама ұлым, аузыңды аш» дейді. Хайролла оның айтқанын істейді. Бейтаныс адам оның аузына түкіреді. Сол бойда оған мол ақыл мен білім енеді. Бейтаныс оған:

- Ұйқыңнан тұр шырағым. Осы даламен жүре бер. Жолыңда тас үстінде отырған бүркітті көрерсің.

Сол жерден мешіт сал, - дейді. – Мен әлсізбін, орнымнан тұра алмаймын. Бір тасты да көтеру қолымнан келмейді ғой,  - деген Хайроллаға әлгі бейтаныс: -Мен Сұлтан-үпімін. Тасты көтереріңде: «О, Сұлтан-үпі» десең болды, содан кейін керек жеріңе қоя берерсің - дейді де көзден ғайып болады. Ұйқысынан оянған Хайролла оның айтқанымен дала кезіп жүре береді. Көп ұзамай бүркітті де көреді. Ол жақындағанда бүркіт «О, Сұлтан-үпі» дейді де ұшып кетеді. Жерді жақсылап белгілеп алған Хайролла өзінің ұстазына қайтып келеді. Оның сабақты қойып, көптен көрінбей кеткеніне ренжіген ұстазы қолына кітап беріп «Оқы» дейді. Хайролла ешқандай қиындықсыз оқиды. Оған таң қалған молда тағы да бұрын оқылмаған жаңа сабақтың жеті бетіндегі сұрақты қояды. Бір рет көз жүгіртіп өткен шәкірті әлгі сұрақтарға ғалымның жауап бергеніндей қылып қайтарады. Осыдан кейін көп ұзамай баяғы бүркіт көрген жерінен мешіт салады, сұпы атағын алады.

Дерек көздер:

1. Отыншы Көшбайұлы, Мұрат Қалменов «Маңғыстау жерасты мешіттері»;

2. Отыншы Көшбайұлы «Жұмбақ жайлап аңыз өрген Маңғыстау»;

3. С.Кондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары».

 


Оқылған саны: 12804

Оғыланды ата жерленген жер

Қазіргі уақытта төбе етегінде сыйынушыларға арналған үлкен кешен салынған. Қорым төбе бойымен созылып жатыр (ең көнесі XVII-XVIII ғғ.). Қазіргі жер бетіндегі бөлігінде өңделмеген тастан қаланған тас үйіктері, қарапайым қоршаулар, тас-жәшік, сандық тастар түрінде. ...


Отпан тау тарихи-мәдени кешені

Отпан тау – ата-бабаларымыздың аяғы, тұлпарларының тұяғы тиген, батырларымыз бен билеріміздің басын қосып, ақылдасып, елдің тағдырын шешетін шешімдер қабылдаған жер. Аталарымыз осы жерде елдің амандығына садақа беріп, Алладан ұрпақтарына саулық, тілеп, алыс жолға аттандырып отырған. ...


Сисем ата кешені

Сисем-ата қорымы - өлкені мекендеген көшпелілердің сәулет өнері мен салт-дәстүрлері, діни дүниетанымдары мен әлеуметтік-саяси даму үрдістерінен деректі мағлұмат  беретін құнды ескерткіш. Маңғыстаудағы ең ірі және ежелгі қорымдардың бірі, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан. ...


Т.Г.Шевченко (1847-1857 жж.) мемориалды кешені, 1932 ж.

Тарас Шевченко қазақтар мен сол аймақтың табиғатын суретте бейнелеген, этнографиялық деректерді сурет арқылы таңбалаған. Маңғышлақ түбегінде алғашқы ағашты отырғызған. Сол тал бүгінгі күнге дейін «Тарас талы» деп аталып кеткен. ...


Темір баба кесенесі

Қорымда 200-ге жуық әр типті объектілер орналасқан. Ескерткіштер жоспарда домалақтау және тік бұрышты, өңделмеген тастан қаланған тас белгілер ие көлденең жатқызылған тастан қаланған тас қоршаулар, қойтастар, сандықтастар және жалғызды құлпытастар орналасқан. ...


Тобықты жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті

Биіктігі 10 метрдей  ақбор төбенің  шығыс беткейінен ойып салынған. Мешіт екі бөлмеден тұрады. Бөлмелері қабырғаларының  қалыңдығы  1-1,3 метрдей ақ бордан ойылып  жасалынған.  Мешіттің алғашқы қалпы жақсы сақталған. ...


Booking.com
Страницы: 12345678