Нысандар

Картаға енген нысындардың тізімі

Тобықты жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті

Орналасқан жері: Маңғыстау ауданы, Қызан селосынан 30 км оңтүстік бағытта жазықты жерде орналасқан.

Координатасы: N 44°39' 12.83" , E 52°27' 15.96"   

Ескерткіштің сипаттамасы: 2004 жылы К.Канисова жетекшілік етуімен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы экспедициясы зерттеген. Алғаш рет 05.10.2004 жылы Маңғыстау облыс әкімиятының  №197 қаулысымен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда  Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі № 279 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Мешітке Маңғыстау МТМҚ ММ тапсырысымен (2006 ж. «Парыз» ЖШС) қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. 2015 ж. «Маңғыстауреставрация» АҒЖӨШ ЖШС мекемесі қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Биіктігі 10 метрдей  ақбор төбенің  шығыс беткейінен ойып салынған. Мешіт екі бөлмеден тұрады. Бөлмелері қабырғаларының  қалыңдығы  1-1,3 метрдей ақ бордан ойылып  жасалынған.  Мешіттің алғашқы қалпы жақсы сақталған.Оның бөлмелері бір-біріне жапсарластыра салынған, төбесінде жарық түсіп, ауа кіріп тұруы үшін тесік қалдырылған. Дәстүрлі діни және  тарихи тұлға,  сұпылық жолдың биік шыңы  пір атағына  ие болған философиялық діни ағартушы Бекет Мырзағұлұлының өміріне байланысты тарихи ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. 1-ші бөлменің ауданы шамамен 10 кв.м. 2-ші бөлме сопақша болып келген, көлемі 5х3 м. қазіргі таңда жақсы қалпында сақталған. Ойық диаметрі 1,5 м. Бұл ойық  арқылы 3 сырық ағашы орнатылған. Бөлменің едені ақ бор қалың қабаттан тұрады. Ғылыми мамандарымыздың зерттеуі бойынша дәстүрлі діни және тарихи тұлға Бекет Мырзағұлұлының сұпылық жолдағы бала оқытқан мешіттерінің бірі деп танылған.

Тарихи деректер мен аңыз-әңгімелер: Бекет Мырзағұлұлы (XVIII) – Маңғыстау, Үстірт, Атырау мекендеген Адай тегінен шыққан қазақ халқының данасы. Туған жері қазіргі Атырау облысының Жылой ауданы Ақкиізтоғай ауылы. Жас кезінде қолына қару алып, көршілес қалмақ, түрікмен тайпаларымен шайқасып, халқының егеменділігін қорғаған Бекет батырлығын танытып, табиғи күш-қуатымен ерекшеленіп, ел аузында Ер-Бекет атанады. Жаугершілікті тоқтатып, елінде бейбітшілік орнағанын, көршілес халықтармен достық қарым-қатынас құруды армандаған Бекет құдай жолына түсіп, Хиуаға медресеге оқуға аттанған. Атақты Бақыржан-қажыдан дәріс алған Бекет еліне қайтып, ұстазының ісін жалғастырып, жер-жерден жерасты мешітін салған. Бекет ата мәдениеттің өркендеуіне, болашаққа жол ашуға себеп туғызған.

Мырзаболатұлы  Байсал Бекет-атамен  қатарлас екен. Оғыланды тауынан Бекет-атаның мешітін салмақшы  хабарын қалың елмен бірге Байсал да естіп, мешіттің құрылысына көмектесіп жатқан адамдарға қосылады. Байсал да өзінің Алла дарытқан күшін игілікті іске  аямай жұмсайды. Басқалар біраз жұмыс жасағасын  ауылдарына қайтып кетіп жатқанда ол шаршап-шалдықпастан жұмыс жасай береді. Оның ерен қайратына таң қалмаған адам болмайды. Байсалдың бұл қимылы мен ерекше ынта-ықыласы, әрине, Бекеттің назарында еді.

Бір күні Бекет Байсалға: «Ал, Байсал, көп іс тындырдың. Қайратыңда шек жоқ екен. Жасаған қызметіңнің қарымы тек бір Алладан қайтсын!» деп өз ырзашылығын білдіреді. Кенет перзентсіз көңілі мұңды болып жүрген Байсалдың ішін оқып қойғандай: «Замандасыма айтарсың, уайымдамасын. Келер жылы бір перзентті боларсың.  Біреу болса да берегей болар, ұл туса атын «Мыңкісі» деп қоярсың» дейді.  Байсал Бекет-атаның ауылынан қуанышта аттанады, келе сала жары Қарашашты қуантады... Келер жылы Бекет-атаның айтқаны келді. Қарашаш ана ұл перзентті болып, ұланасыр той жасап, атын Мыңкісі қояды. «Байсал зарыға күткен арманы орындалып, қуанышы қойнына сыймай той жасағанда арнайы адам жіберіп Бекет-атаны да шақырыпты. Шақыра келген хабаршыға Бекет-ата: «Баласы құтты болсын! Құдай бұйыртса, мен сол баласы қырқынан шығарда әдейі барамын. Бұл сапарда бара алмайтын жайымды айтарсың» дейді. Бекет-атаның сәлемін естіген Байсал: «Япырмай, бұл кісі өмірбойы намазын мешітте оқып келе жатқан адам еді. Мен келетін күніне дейін Бекетке арнап мешіт дайындамасам болмайды екен» деген тоқтамға келеді де, Бозашы түбегінен мешіт үйін  салуға ылайықты жер іздеп, Тобықтының ойындағы бір кебір төбені қазады. Әрине, оның бұл сауапты ісіне ауыл-аймақтың адамдары, ағайын-тумалары да көмектескен болар.  Сол мешітті Байсал Бекет-ата өз ауылына келерден 3 күн бұрын бітірген екен. Бекет-ата уәделі күні Байсалдікіне келіп түседі. Сол күнгі екінті, ақшам, құптан, таң намаздарын  Байсал дайындаған мешітте оқыпты. 

Дерек көзі:

1. Адай шежіресі кітабы, 336-337 бет;

2. Маңғыстау МТМҚ ММ  материалдары;

3. Қаз ССР Мәдениет министрлігі «Қазпроектреставрация» институтының 1986 жылғы зерттеу жұмыстарының материалдары.

 


Оқылған саны: 6584

Оғыланды ата жерленген жер

Қазіргі уақытта төбе етегінде сыйынушыларға арналған үлкен кешен салынған. Қорым төбе бойымен созылып жатыр (ең көнесі XVII-XVIII ғғ.). Қазіргі жер бетіндегі бөлігінде өңделмеген тастан қаланған тас үйіктері, қарапайым қоршаулар, тас-жәшік, сандық тастар түрінде. ...


Отпан тау тарихи-мәдени кешені

Отпан тау – ата-бабаларымыздың аяғы, тұлпарларының тұяғы тиген, батырларымыз бен билеріміздің басын қосып, ақылдасып, елдің тағдырын шешетін шешімдер қабылдаған жер. Аталарымыз осы жерде елдің амандығына садақа беріп, Алладан ұрпақтарына саулық, тілеп, алыс жолға аттандырып отырған. ...


Сисем ата кешені

Сисем-ата қорымы - өлкені мекендеген көшпелілердің сәулет өнері мен салт-дәстүрлері, діни дүниетанымдары мен әлеуметтік-саяси даму үрдістерінен деректі мағлұмат  беретін құнды ескерткіш. Маңғыстаудағы ең ірі және ежелгі қорымдардың бірі, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан. ...


Сұлтан үпі жерасты мешіті

Сұлтан-үпі сайы - Түпқараған түбегінің солтүстік жағалауында Сарытас бұғазына жақын жерде  ұзындығы 5 шм-ға теңізге дейін созылған. Бұл жердің көріктілігі мен әсемдігі көрген адамды өзіне еріксіз тартады. Бұл жер шілденің аптап күндерінде жаныңа жайлы қоңырсалқын болып келеді....


Т.Г.Шевченко (1847-1857 жж.) мемориалды кешені, 1932 ж.

Тарас Шевченко қазақтар мен сол аймақтың табиғатын суретте бейнелеген, этнографиялық деректерді сурет арқылы таңбалаған. Маңғышлақ түбегінде алғашқы ағашты отырғызған. Сол тал бүгінгі күнге дейін «Тарас талы» деп аталып кеткен. ...


Темір баба кесенесі

Қорымда 200-ге жуық әр типті объектілер орналасқан. Ескерткіштер жоспарда домалақтау және тік бұрышты, өңделмеген тастан қаланған тас белгілер ие көлденең жатқызылған тастан қаланған тас қоршаулар, қойтастар, сандықтастар және жалғызды құлпытастар орналасқан. ...


Booking.com
Страницы: 12345678