Нысандар

Картаға енген нысындардың тізімі

Шопан ата қорымы және жерасты мешіті

Орналасқан жері: Қарақия ауданы, Сенек селосынан  20 км солтүстік-батыс бағытта, бағзы Хорезм керуен жолы бойында орналасқан. 

Координаталары: N 43°32' 49.88" , E 53°23' 36.47"  

Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш 1951-1952 жж. архитектор М.М. Меңдіқұлов басқарған Сәулет өнері үлгілерін зерттеу экспедициясымен, 1977-1978 жж. Қаз КСР Мәдениет министрлігі тарапынан ұйымдастырылған экспедициямен, сондай-ақ 1982 ж. Ескерткіштерді қорғау қоғамы тарапынан С.Е. Əжіғали басқарған экспедициямен зерттелген. Тарихи-сәулет кешені алғаш рет Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №38 Қаулысы бойынша 26.01.1982 жылы Республикалық дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған. 2015 ж. 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің №119 бұйрығымен Республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қазіргі уақытта «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жалпыұлттық маңызы бар киелі нысандар тізіміне енді. Мешітке және қорымға 1992, 1995-1996, 2003-2004, 2010, 2013, 2014, 2015, 2016 жылдары ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілген.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қорымнан 1640 ескерткіш есепке алынған. Бұл ескерткіштер - негізінен ортағасырлық түрікмен  көне қоршаулары, сандықтас, қойтас, құлпытас тәрізді тас белгілер. Сонымен қатар, қорымның шығыс бөлігінде қазақтардың (адайлардың) ескерткіштері орналасқан. Мешіт бір-біріне қосылған 12 шағын бөлмеден тұрады, бөлмелердің әр қайсысы арнайы мағыналы, бірі діни рәсімдер өткізуге, бірі балаларды оқытуға, бірі тұрмыстық қажеттілікке арналған. Ортасында көлемі 7,1х5,1 м болып келетін төртбұрышты бөлме бар. Оның ішіне диаметрі 1,5 метр болып келетін жоғарыдан тесілген ойық арқылы жарық түседі. Бөлменің дәл ортасында ұзындығы 1,5-1,8 м ағаш қойылған. Осы ағаш тұрған жер қасиетті деп есептеледі. Сол жақ қабырға астынан қабірхана үңгілген. Шопан-ата жерленген орын жартасқа тереңдетіліп қазылған. Төрден сай үстіне шығып кететін есік бар. Есіктің сыртқа шығар аузы алдында беті шымылдықпен перделенген қабірхана бар. Аңыз бойынша оған Шопан-Атаның қызы жерленген. Орталық залдың оңтүстік және батыс жарынан зиярат етушілерге арналған екі кең бөлме ойылып жасалған. Мешіттің төменгі жағында құдық қазылған. Негізгі мешіттен шығысқа қарай кейініректе екінші мешіт ойылып жасалған. Оған бөлек кіреді. Мешіттің ауласында биік тұт ағашы өсіп тұр. Одан шығысқа қарай жардан ойылып жасалған бірнеше бөлмеде адамдар жерленген.

Тарихи деректер мен аңыз-әңгімелер:Өлкедегі көптеген тарихи орындар 12ғ. өмір сүрген қазақ даласының ойшылы, ғұлама, поэзиядағы сопылық ілімінің насихатшысы Қожа Ахмет Яссауи есімімен байланысты. Шопан ата әйгілі Қожа Ахмет Яссауи шәкірті болған  делінеді. «Шопан» сөзі халық ұғымында «қойшы», «қойбағушы» деген мағынаны береді. Бұл ұғым ырыс-несібемен де байланыстырылады. Шопан ата халық арасында тәңіршілдік пен мұсылмандық дінді байланыстырған рухани нәр беруші адам ретінде және шаруашылықтың символы ретінде танымал.

Бір күні Қожа Ахмет Иассауи шәкірттерін оқытуды аяқтап болған соң, оларға дүние жүзіне исламдінін, сопылық идеяны уағыздауға тапсырма береді. Сөйтіп асасын терезеден лақтырып жібереді де, аса ұшып кеткен соң мүриттеріне қарап: «Кім де кім менің таяғымды маған әкеліп берсе, соған Фатиха сүресін оқып беремін» дейді. Барлық мүриттері шулап, асаны іздеуге мешіттен шығып жүгіре жөнеледі, жалғыз Шопан ата мешіттің есігіне дейін жетіп, тұрып қалады, бірақ сол сәтте-ақ қайтып келіп, орнына отырады.  Қожа-Ахмет оған қарап: «Сен неге отырсың?» деп сұрайды. - «Мен кетер едім, аса бұл жерден өте алыста, батыста, ол үлкен теңіздің жағасындағы Маңғышлақта, егер сіз маған қазір Фатиха сүресін оқып берсеңіз» - деген екен Шопан ата. Осы кезде аса таяқтытабаалмағандармешіткеқайта орала бастайды. Қожа-Ахмет оларға қарап былай дейді: «Мұнша көп оқушыларымның арасынан мен жалғыз ғана мақтауға тұрарлық және дос таптым». Содан соң Шопан атаға арнап Фатиха сүресін оқиды және онымен мәңгіге қоштаса отырып, оған Маңғышлақ жеріндегі асаны іздеуге рұқсатын береді. Шопан ата жолға шығады, бірнеше айлар жүріп, ақырында жаратқанның нұсқауымен Маңғышлаққа Қожа-Ахметтің асасының түскен жеріне келеді. Ал ағаштың түбінде Шопан атаның келетінін білген тәрізді оны бір құрметті адам күтіп отыр екен.  Олар танысып, Шопан ата оның қызына үйленеді және осы жерде мәңгілік тұрақтап қалады. Шопан ата тау етегінде жебесі түскен жеріне жер астындағы мешітті салады. Көп кешікпей, барша Маңғышлақ жұрты Шопан атаның келуі, оның оқымыстылығы мен даналығы жайында хабардар болады. Адамдар оның ақыл-кеңестерін тыңдауға келе бастайды. Атаның мешітінде мұсылманшылықтан дәріс беріліп, балалар құран жаттаған.

Дерек көздер:

1. Маңғышлақта өмір сүрген және өлген киелі ханафие секталары жайында адайлардың аңыздары. // Кавказ тау халқы туралы мәліметтер жинағы. 7 шығарылым. Тифлис, 1873;

2. Серікбол Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Арыс» баспасы-2007;

3. М. Қалменов, О. Көшбайұлы «Маңғыстау жер асты мешіттері». Алматы, «Орхон» баспа үйі – 2010;

4. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қоры, архив қоры КППМ-225 (ескерткіш паспорты).

 


Оқылған саны: 8935

Хатам ишан кесенесі

Мұндағы ең ертедегі құрылыс (XVIIғ.), екінші жартысына сəйкес келеді. Қорым уақыт пен кеңістік бойынша сақина тəрізді ұлғайып, ертедегі құрылыстар қорымның орта тұсында қалған. Құрылысы біршама сақталған 2 күмбезді ескерткіш қорымдағы маңызды нысан қатарында. ...


Шақпақ ата қорымы және жерасты мешіті (XIV–XIX ғасырлар)

Шақпақ ата мешiтi - Арал-Каспий өңіріндегі қабырғалары жазулармен және суреттермен шимайланған жалғыз ескерткiш болып табылады. Жартастағы мешіт геолог А.Медоевтің айтуы бойынша «Өте күрделі архитектуралық ескерткіш, Қазақстанның сирек кездесетiн жартасты сәулетшілік өнерінің тамаша көрінісі» болып табылады. ...


Оғыланды жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті (XVIII-XIX ғғ.)

Мешіт табиғаты көркем Оғыланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалған. Мешіт төрт бөлмеден тұрады, төргі бөлмеде қасиетті сырық ағашы бар. Мешітке кіретін аласа тар есік бар. ...


Booking.com
Страницы: 12345678