Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Сақау қорымы
Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 100 км, Ақжігіт ауылынан оңтүстік батысқа қарай 53 км қашықтықта орналасқан
Координатасы: N 044^35.171; Е 055°45.368,
Ескерткіштің сипаттамасы: Қорымнан күмбезтам, 2 сағанатам, 1 сандықтас құлпытас барлығы 3 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған. Қорымдағы күмбезтамның қабырғалары өңделген плиталармен қапталған, оңтүстік-батысқа бағытталған төртбұрышты кіріс ойығының жоғарғы жағы үшбұрышты сүйрлене біткен. Дулыға пішінді күмбезінің найзатасы әйкелтасынан бөлініп құлаған. Қорымдағы қадақ тастардан тұрғызылған және шала немесе жартылай өңделген тастардан қаланған тас қоршаулар әр түрлі пішінді болып келеді. Қорымның солтүстік батыс бөлігіндегі тас белгілермен орнатылған тас қоршаулардың құрылысы жартылай немесе түгелге жуық бұзылған. Сандықтасқа орнатылған үштас сырлы бояулармен өрнектелген, жақтауларына араб эпиграфикасы кескінделген, нақыштала қашалған 4 қырлы құлпытасы сынып бөлінген. Қорымның батыс бөлігінде орналасқан сағанатамның біреуі порталды болып келеді, екіншісінің құлпытасы сынып бөлінген, құлаған. Қорымның шығыс бөлігінде қорған үйіктері сақталған. Қорымға 2014 жылы жаңадан қорғау тақтасы орнатылды. Ескерткіш Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне алынған.
Тарихи деректер мен аңыз-әңгімелер: «Көшпелілердің мәдени мұрасы мәселесі бойынша «Қазақ ҒЗИ» экспедициясы 2007 ж. зерттеген. Деректерге сүйенсек қорымдағы күмбезтам 1870 жылдары Сақау батырға арналып салынған. Сақау Түрікменадай руының Айтқұл бөлімінен тараған батыр болған. Түркімендер Кендірліден бастап (Ақсудан) сонау Жем бойына дейін шабуыл жасағанда, жол бойындағы қазақ ауылдарын аман сақтап қалған.
Дерек көздер:
1. «Көшпелілердің мәдени мұрасы Қазақ ҒЗИ» экспедиция 2007 ж материалы. Т.Н. Лошакова
2. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қоры, архив қоры (ескерткіш паспорты).
Оқылған саны: 5


