Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Есен ата жерленген жер
Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Бекі селосынан 5 км оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан.
Координатасы: N 43°50' 22.14" , E 52°2' 53.37"
Ескерткіштің сипаттамасы: 2004 ж. К.Қонысова жетекшілік етуімен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы экспедициясы зерттеген. Алғаш рет 05.10.2004 жылы Маңғыстау облыс әкімиятының №197 қаулысымен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енді.
Жетібай-Шетпе жолына жақын биіктеу келген ұзын төбеде орналасқан. Қорымның аумағына кіре-берісте дәстүрлі қағидаға сай дұғалық орын орналасқан. Ол тас қаландыларымен қоршалған. Мұнда бір ескерткіш тас үйінді түрінде, әрі тік орнатылған ағаш бақанымен ерекшеленген, ал басқасы созылған ұзын шарбақ ретінде орналасқан. Аңыз бойынша, осы жерде киелі күштің иесі болған Есен ата жерленген. Бүкіл зираттың аумағы ескі және жаңа бөлікке бөлінеді. Жерлеу орнының ескі бөлігінде қойтас пен құлпытас, тас қалау мен қоршау түрінде қойылған. Қойтастар мен құлпытастардың көпшілігінің тегіс бедерлі күрделі өрнектермен, ою- суретпен безендірілген. Мұнда алуан түрлі құлпытас пішіндері бар. Олар мұсылмандық дүниетанымының жергілікті сипатқа ие ерекшелігін көрсетеді. Зираттың жаңа замандық бөлігінде сағанатамдармен қатар жаңа құрылыстар салынып жатыр.
Тарихи-деректер, аңыз-әңгімелер: Нақты деректер жоқ, халық аузындағы аңыз бойынша қорымның батыс беткейінде 5 км қашықтықтағы Есен ата жерасты мешітімен Қараман ата жерасты мешітін байланыстыратын жол бар болған делінеді. Ел аузындағы аңыз бойынша «Есен де Қараман ата сияқты Шопан-атаның баласы екен» делінеді. Шамамен XII-XIII ғасырлардың тарихи тұлғалары болар деп тұспалданатын Есен ата Маңғыстауда ислам дінін таратушы мистик-суфистер орденінің өкілі болар деген де пікір бар, бірақ нақты тарихи дәлелдер жоқ. Ә.Кекілбаевтың кітабында Шопан ата мен Бекет атаға қатысты «шаңырақтан лақтырылған аса таяқтың артынан Маңғыстауға келу» оқиғасы осы Есен атаға да қатысты айтылады.
Дерек көзі:
1. Серікбол Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» кітабы 2007 ж.;
2. Маңғыстау МТМҚ ММ материалдары.
Оқылған саны: 3649