Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Амандық қорымы
Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 106 км, Ақжігіт ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 49 км жерде орналасқан.
Координатасы: N044^34.797; Е055°55.534
Ескерткіштің сипаттамасы: Қорымда жерлеу құрылысының 20-дан астам түрі: кесене, сағанатам, сандықтас, құлпытас және т.б. қабір құрлыстары бар. Кесенелер 1 бөлмелі, күмбездері дулыға бейнелі кейіпте. Қабырға өрімі саз балшыққа отырғызылған жақсы өңделген ұлутастың жалпақ тастарынан тұрады. Пішіндері жебе және арка тәрізді есік қуысы бедермен және өрнекпен айшықталған. Ішкі жағы геометриялық, өсімдіктік өрнектермен және түрлі-түсті бояулармен салынған тұрмыстық зат суреттерімен әшекейленген. Қорымның ортасында қос жерлеу орны бар пішіні тікбұрышты, орталық типті сағанатам орналасқан. Құрылыс қабырғаларының ортасы шойтаспен толтырылған, параллельді жүргізілген 2 қатар жалпақ тастардан тұрады. Сыртқы қабырғалар жақсы өңделген және өсімдік элементтері бар сұлбалық оюмен өрнектелген. Тұғырының төменгі жағында үлкен «М» әрпіне ұқсата келістіріп қиылған «қойтас» түріндегі жерлеу орны құрылыс нысандарын олардың астына қоятын тұғырдағы арнайы ойыққа орнатқан. Қойтасты қашау үшін тұтас тас пайдаланылған. Қойтастар декорациялық элементтермен, геометриялық және өсімдік бедерлі және сұлбалық оюлармен әшекейленген. Сандықтастардың төбесі жалпақ таспен жабылған жәшік құрылым түріндегі сәулеттік-көркемдік типке жатады. Қабырғаларының беттері контурлік типтегі суреттермен өрнектелген. Жоғарыда аталған жерлеу құрылыс нысандарынан өзге қорымда түрлі тәсілмен өрілген төртқұлақ типтес тас қоршаулар бар. Сондай-ақ қорымда үш қабатты көлемді геометриялық өрнекпен және эпиграфиялық типтегі жалпақ бедермен әшекейленген құлпытастар да бар. Олар өсімдік және геометриялық өрнектермен, тұрмыстық заттарды, әйел әшекейлерін бейнелеумен көркейтілген, одан тыс құлпытастардың көпшілігінде арабша жазылған эпитафиялар бар. Кесене қабырғаларынан цемент қоспасын пайдаланып жөндеу жұмыстарының жүргізілгені байқалады. Жерлеу құрылыстарына пайдаланылған тастардың көбісін қына басқан. Ескерткіш Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне алынған.
Тарихи деректер мен аңыз-әңгімелер:
1. «Көшпелілердің мәдени мұра мәселелері бойынша ҚазҒЗИ» экспедициясының 2007 ж. материалы. Т.Н. Лошакова
2. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қоры, архив қоры (ескерткіш паспорты).
Оқылған саны: 11


