Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Асалы күмбезтамы
Орналасқан жері: Маңғыстау облысы. Бейнеу ауданы, Боранқұл селосынан 56 км шығыс бағытта орналасқан.
Координатасы: N46 20.223; E54 09.333.
Ескерткіштің сипаттамасы: Жалпы биіктігі 805 м-ге жететін күмбезтам екі сатылы белдікке орнатылған, қабырғалары өңделген плиталармен қаланып, төрт қабырғасындағы және кірісіндегі екі пилон пилиастрмен қапталған. Тіктөртбұрышты кіріс ойығы оңтүстік-батысқа бағытталған. Күбезі дулыға үлгісінде жасалып, найзатасы конус тәріздес геометриялық пішіндерден қашалған. Эпиграфия кескінделген күмбезтамның ішкі қабырғасы сырлы бояуларымен салынған ыдыс-аяқ, қару-жарақ, дәстүрлі ою-өрнектер, жылқы, қару-жарақ, дәстүрлі ою-өрнек суреттермен безендірілген. Сыртқы қабырғаларына кескінделген өсімдік бейнелі ою-өрнектер, жылқы, қару-жарақ суреттері жауын-шашын, жел әсерінен кете бастаған. ХІХ ғасырдағы дәстүрлі сәулет өнерінің тамаша туындысы болып табылатын күмбезтамның ерекше архитектуралық құрылысы жақсы сақталған. Материалы: ақ-бор тас.
Тарихи деректер, аңыз-әңгімелер: Тарихи – этнографиялық деректер негізіне сүйенсек, Асалы мен Көкетай армандарына жете алмаған ғашық жұптардың бірі ретінде танылады. Көкетай байдың сұлу қызы , Асалы сол байдың жылқышысы, жарлы жігіт болған. Сөз байласқан екеуі Асалының Жем бойында отырған ағайындарына қашады. Қуғыншылар жеткен кезде Асалы қарсыласып, ұрыста қаза табады да, Көкетай туыстарының айтқанына көнбей, сүйгенімен бірге о дүниеге аттануға серт беріп, өзіне-өзі қанжар салады. Асалы - Көкетай күмбезтамдары арманда кеткен екі ғашыққа арналған сәулетті ескерткіштер. Шеберлері: Өтесін Еламанұлы, Назар Шорабайұлы.
Күмбезтамда: Адай руғы Тобыш тайфасы Қожа Қоңыр үйлі Тұрсынбай бөлімі Есенияз баласы Тұрақбай уфат болды 14 жасында, қызы Халше 16 жасында уфат болды, жаздырды әкесі Есенияз Жайық ұғлы........?-деп жазылған.
Дерек көзі: "Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы" ММ құжаттары
"Бейнеу" кітабы Алматы-2002 жыл
Н.А.Құлбаев «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалық мәтіндердің анықтамалығы» кітабы 1 том Алматы-2015ж
Оқылған саны: 514