Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Барақ Сатыбалдыұлы кесенесі
Орналасқан жері: Бейнеу
ауданы, Тұрыш селосынан 13 шм оңтүстік бағытта орналасқан.
Координатасы: N 45°23' 19.45", E 56°15' 10.75"
Ескерткіштің сипаттамасы: Қорым 1993 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қомқорлығына алынды. Қаратөбе қорымында Кіші жүздің Табын руынан шыққан Барақ батыр жерленген. 1993 жылы Барақтың бейітіне күмбезді кесене тұрғызылды. Күмбезтам жоспарда тікбұрыш пішінінде, жергілікті дәстүрлі сәулет үлгісімен қабырғасы үш қабат етіп салынған. Ішкі және сыртқы қабырғалары әктаспен қапталған. Алдыңғы бетінің маңдайшасында батырдың Барақ деген есімі қашалып жасалған. Осы қабырғасынан арка етіп қуыс қалдырылған. Ішінен есік шығарылған. Арканың сырт жағынан өсімдік тәрізді оюлар қашалған.Оюлардың сырт жағы «П» әрпі тәрізді қапталған. Осы «П» әрпін айналдыра және қалған 3 қабырғасына геометриялық оюлар өрнектелген. Бұрыштарының жоғарғы жағында тіктөртбұрышты құлақшалар бар. Алдыңғы бетіндегі 2 құлақшаға батырдың қару-жарағы (айбалта, қылыш, дулыға)қашалған. Кіші пішінді сәулет ескерткіштер орташа биіктікте әртүрлі геометриялық өрнектермен қашалып жасалған. Сонымен қатар қорымда қола дәуірінің бірнеше үйігі бар. Бас шебері – сәулетші М.С. Нұрқабаев.
Тарихи деректер, аңыз-аңгімелер: Қорым 1993 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қомқорлығына алынды. Барақ Сатыбалдыұлы (1743-1840) – батыр, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. Үстірттің Сам құмында дүниеге келген. Барақ Сатыбалдыұлының батыр атағы 18 жасында (1761) торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шықты. XVIII ғасырдың 70-жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап, Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен соғысты. 1785-1792 жылдары Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күресте көтеріліс басшыларының қатарында болды.
О.Игельстромның император әйел Екатерина ІІ-ге жазған хатында айтылады. Барақ батырдың тегеуірінді қарсылық әрекеттері орыс отаршыларының зорлық-зомбылығын шектеп, Жайықтың оң жағалауындағы қазақ жерлерін сақтап қалуға септігін тигізді. Ол Батыс Қазақстанның отарлануын тежеп, әскери бекіністердің көптеп салынуына жол бермеген.
Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы қазақтың кіші жүзі ақ патшаға бағынуға құлықты болмағаны туралы: «Осы екі ғасырдағы патша өкіметінің жұмысы қазақты әбден бағындырып алып, қазақты көпір қылып Азияға аттау болды. Қазақтың амалы таптайын деп тұрған патша өкіметінен құтылу болды. Дәуірлеп келе жатқан орыс байларының сауда капиталымен жауласам деп кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылғандай болды», – деп Исатай-Махамбет көтерілісін сипаттап жазады. Бұл қолына найза ұстаған ерлер сынға түскен бұлғақты кезең болды. Барақ Сатыбалдыұлының ұлы Асау мен немересі Дәуіт те атақты батырлар болған.
Барақ батыр жайында көптеген аңыз-әңгімелер кездеседі. Барақ батыр Айшуақ ханды орыстардан босатуға кеткенде, 13 жастағы Асауды үйге тастап кетіпті. Содан ұйықтайын десе Шалдар асамен қайта-қайта түртіп Әкеңе көмектес деп ұйықтатпаса керек. Тымағын әкесі танып қалмас үшін бастыра киіп қосынның алғы шебінде жүріп орыстармен айқасса керек. Барақ баласын, айналасында жүрген Шалдарды байқап, Балам маңдайыңнан аққан терді сүртпе деп айқайлайды. Беріліп кеткені соншама, байқамай терін сүртіп қалғанда, бағанадан тимей жатқан оқтардың біреуі иық тұсынан тиеді. Бекет ата мен Барақ ата замандас, бір-бірін сыйлап өткен жақсы дос болып өтіпті. Бекет ата мен Барақ батыр аңызында жеті аққудың ұшуы бар. Ол аңызда Барақ батыр: Бекет атаға «Келе жатқаныңда алдыңнан жеті аққу ұшты, қасиетің жеті атаңа жетер», – десе, Барақ батырға «Алдыңнан үш аққу ұшты, зайырлығың үш атаңнан аспас», – дейді. Сол Бекет атаның айтқаны дәл келді, Барақтың қасиеті тек өзіне, баласы Асауға, немересі Дәуітке ғана дариды. Қазақта Барақ атты бірнеше батыр болған. Бәрі де жауқашырған, қан майданда аты шыққан аруақты ерлер.
Дерек көзі:
1. Қорық құжаттары;
2. «Маңғыстау» энциклопедиясы;
3. Н.А.Құлбаевтың «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалық мәтіндердің анықтамалығы» кітабы 1 том, Алматы-2015ж.
Оқылған саны: 6446