Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Бекбаулы ата кесенесі
Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жыңғылды селосынан 14 км солтүстік-батыс бағытта, Ұланақ жерінде орналасқан.
Координаталары: N 44°14 31.1” E 51°33 36.1”
Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткішті 2004 жылы Маңғыстау МТМҚ ММ анықтаған. Алғаш рет 22.08.2006 жылы Маңғыстау облыс әкімінің №293 қаулысымен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енді.
Мұнда 300-ге жуық сәулеттік-жерлеу нысандары орналасқан. Қорымның шығыс бөлігінде оғыз-қыпшық кезеңінің ескерткіштері кездеседі. Олардың көбісі қирап өзінің алғашқы қалыбын жоғалтқан. Қорымдағы кіші пішіндегі объектілер негізінен трапеция және цилиндр түрінде кездеседі. Қорымда төменгі жағы параллелепепид пішіндегі нысандар ол: түрлі қойтас және құлпытастар. Ескерткіштің тегістік беттерінде құрал, таңба бейнелері, өсімдік тәрізді өрнектер кездеседі.
Тарихи-деректер, аңыз-әңгімелер: Тарихи-этнографиялық деректерге сүйенсек «Адайдың Шоңай руынан шыққан, атақты сынықшы Бекбаулы Моншаұлы сынғанды алдын-ала сезетін, сынықты салудың түрлі сырларын игерген, көреген көріпкелдігі мен қасиет қонған сынықшылығымен аты шыққан кісі болған». Тіпті бір жері сынып, шыққанда емшіге жете алмаса да оның атын атап жәрдем сұраудың өзі де ауру зардабын азайтып, саябыр тапқызған деседі.
Бекбаулы Моншаұлы туралы жазбаша деректер сақталмаған. А.Меңдалиев сынды шежірешілердің айтуынша, ол 1750-1756 жылдары Сыр бойында өмірге келген деп шамаланады. Халық арасында жаугершілік заманда әкелі-балалылар арасында айтылған «Әкесі басқа, аттан түс!» деген мағыналы да қайғылы тіркес сақталған. Осы тіркестің авторы – Қожагелді батыр Бекбаулы атаның ағасы, яғни Бекбаулының әкесі Моншаның інісі. Түрікмендердің ойда-жоқта жасаған шапқыншылығынан ауыл-аймағын құтқармақ болып әбігерленген Қожагелді атына жолда тұрған інісін көріп, тастап кетуге қимай, атына мінгескен баласына «Әкесі басқа, аттан түс!» деген екен. Батырдың «өзім аман болсам, әйел де, бала да табылады, әке-шешем жоқ, енді маған туыс табыла ма?!» деген ойы қысылтаяң кезде нақты шешім болған. Аттан секіріп түскен баласы, анталаған жаудың қолынан мерт болады.
Маңғыстауға келген соң сырқаттанып қалған Моншаны емдеген қарақалпақ емші Моншаның әйелінің аяғы ауыр екендігін, тапқан ұлының тегін адам болмайтындығын айтып, бата беріп кетеді. Көп ұзамай өмірге келген Бекбаулыға аруақ 7 жасынан бастап қонады, шай ішіп отырып бәленшенің аяғы ауырып қалды, түгеншенің қолы сынып қалды деп жүгіре жөнеліп, біраздан соң сол сынықтарды салып оралатын болған. Есейе келе Хиуадағы Шикәбір ұстаздан білім алған Бекбаулы ата дін мен жын оқуын қатар меңгергендігімен ерекшеленеді. Бекет атамен әзіл-қалжыңы жарасып қатар жүрген, кейбір жерлерде өзара аруақ салыстырып та көрген, бір-бірін өте жоғары бағалаған Бекет пен Бекбаулының бірін жұрт Маңғыстаудың жер ерекшелігіне орай, «ойдың қарлығашы» десе, екіншісін «қырдың қарлығашы» деп тең құрмет тұтқан екен.Бірде Бекет ата құрдасы Бекбаулыны сынау пиғылымен асатаяғын алып келуін өтінеді. Бекбаулы барса, шаншулы асаға үлкен жыланның оралып, ысылдап тұрғанын көреді. Алмай кетсе, құрдасы күлетінін ойлап, шапанын шешіп, жыланды үркітіп, асаны алып құрдасына барып «Құрдас, іркілдің ғой» дейді. Тек, жай, іркілгенін айтып Бекбаулы кібіртектеп қалады. Әңгімелерін жалғастырмай намаз оқуға кіріседі. Намаз бітіп жайғасып отырғанда Бекет ата: «Құрдас, асадағы жылан болып көрінген аруақты бекер жасқадың, білетін дұғаларыңызды оқығанда өзі-ақ Асаның кейпіне кіріп кететін еді ғой» дейді. «Жыланның түсі суық, қапелімде ондай ақыл қайдан келсін...» дегенде, «Құрдас, дегенмен жеті атаңа жетерлік аруағың бар екен. Алла рақымымен ісіңді оңынан жарылқағай» деп Бекет ата құрдасы Бекбаулыға ақ тілекпен батасын берген екен дейді.
Дерек көзі:
1. Базарбай Әбдірахманов «Бекет-атаның сұпылық жолы», 2010 ж.;
2. Маңғыстау МТМҚ ММ мұрағатының 2004 жыл материалдары.
Оқылған саны: 5112