Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Бердалы батыр қорымы (XVI-XX ғасырлар)
Орналасқан жері: Маңғыстау ауданы,Жармыш селосынан36 км шығыс
бағытта орналасқан.
Координатасы: N 44°1' 35.58", E 52°49' 6.83"
Ескерткіштің сипаттамасы: Шығыс Қаратау жотасының ең шығыс шеті болып есептелетін Үшкөз-Тамды жеріндегі Қызыладыр биігінде орналасқан. Ескерткішті 1984 ж. «Манғышлақреставрация» СНРПМ экспедициясы О. Рягузова жетекшілік етуімен зерттеген. Алғаш рет 24.10.1987 жылы Халық деп.ның Маңғышлақ облыстық кеңесі атқару комитетінің №496 шешімімен мемлекеттік қорғауға алынған. Кейін Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі № 279 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Кең ауқымдағы қорымда 100-ден астам әртүрлі уақыт кезеңінің түрлі ескерткіштері бар. Мұндағы ең ертедегі қабірүсті құрылысы шала өңделген тастардан қаланған. Үйлесімдік жағына қарай қорымның батыс жағы қоршау түріндегі, сағанатам және құлпытас ескерткіштерімен басым. Әктіқұмтастан араланып қашап салынған сағанатам құрлысының көбі шығыс жақ бөлікте және ол тас құрылыс нысаны санатында. Бұл құрлыстардың оңтүстік жақ қабырғасы өзгелеріне қарағанда еңселі және ойық қуысты болуымен ерекшеленеді және дәстүрлі халық арасындағы Маңғыстаулық сәулет құрлысының өзіндік ерекшелігі бар ескерткіштер қатарына жатады. Өлкенің өткен тарихымен этнографиясы тұрғысынан мол мәлімет береді. Осы қатардағы ерек құрылысты, зор ауқымды негізгі арқауы өсімдік өрнектерімен көмкерілген сағанатамның бірі қорымның оңтүстік-шығыс жақ бөлігінде орналасқан. Қорымдағы кіші архитектуралық ескерткіштер құлпытас, қойтас, жетітас түрінде. Құлпытастар үш бөліктен құралған. Бірінші тобы, кейбірінің қыр жиектері терең емес өрнекті оюланған, жоғарғы жағы жалпақ қима түрінде. Екінші тобы тік бұрышты баған түрінде, жоғарғы жағы пішінді етіп қашалған. Үшінші түрдегі құлпытастар көлеміне қарай үлкен де, тиісінше ою-өрнегі айтарлықтай аз. Құрлыс материалы негізінен әкті-құмтас. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Қорым аумағы – 1,8 га, жалпы алаңы – 540 м.
Тарихи мәліметтер мен аңыз-деректер: Бердалы Отарұлы шамамен 1727 жылы дүниеге келіп, 1770 жылы 43 жасында елі үшін қаза тапқан. Аңыз бойынша Ескелді Бердалы Маңғыстауға алғашқы келген адайлардың елшісі болған және опасыздықпен өлтірілгеннен кейін Маңғыстау түбегіне алғаш жерленген адай кісі. Елшіні өлтіру – алаш-митра дінінің сарқындарын сақтаған көшпелілер үшін ауыр қылмыс саналған. Түрікпендердің Маңғыстауды тастап кетуі – осы Бердалы алғашқы (нақақтан нақақ құрбан) болып қаза табуына байланысты делінеді. Жем бойында тұрған Саназар байға бір жылдан кейін Бердалы түсіне еніп аян берген. Саназар (Атақозы, Кейкі, т.б. кісілер тобы) Маңғыстауға келгесін сол аян-аманат бойынша Бердалының қабірін ашып Үшкөздің тасқабағынан Тамдының теріс жағындағы Қызыладыр биігіне қайта жерлепті. Қабірді ашқанда Бердалының мүрдесі еш бұзылмай жатқан екен мыс.
Дерек көзі:
1. Серікбол Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» кітабы 2007ж.;
2. «Маңғышлақреставрация» СНРПМ экспедициясының 1984 ж материалдары;
3. Маңғыстау МТМҚ ММ 2010 жыл мұрағат материалдары Н.Б. Дауымшарова.
Оқылған саны: 5229