Нысандар
Картаға енген нысындардың тізімі
Көне Бейнеу қорымы және Бекет-ата жерасты мешіті (ХVIII–ХIХ ғасырлар)
Орналасқан
жері: Маңғыстау
облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу селосынан
17 км оңтүстік-батыс бағытта
орналасқан.
Координатасы: N 5°11' 7.05" , E 55°6' 28.19"
Ескерткіштің сипаттамасы: Көне Бейнеудегі Бекет ата жерасты мешіті (ХI-ХIХ ғғ.) тек қана Қазақстан үшін емес, барлық мұсылман әлемі үшін маңызы бар киелі орын. 1979 жылы алғашқы рет Т.Джанысбекова жетекшілігімен зерттеу жұмыстары жүргізілген. Бекет атаның Бейнеудегі мешітіне 1825 жылғы 1-ші Үстірт экспедициясының құрамында Э.А.Эверсман, А.О. Дюгемель сияқты ғалымдар келіп ескерткіштің суретін салып қалдырған.Ескерткіш алғаш рет Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №38 Қаулысы бойынша 26.01.1982 жылы Республикалық дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 ж. 30 наурыздағы №119 бұйрығымен республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жалпыұлттық маңызы бар киелі нысандар тізіміне енгізілді. Тарихи-сәулет кешені 1977 ж. архитектор А.Итенов жетекшілігімен, 2006 ж. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы қызметкерлерімен, 2007 ж. «Көшпелілердің мәдени мұра мәселелері бойынша ҚазҒЗИ» экспедициясымен зерттелген.
Маңғыстау облысы әкімдігінің 08.12.2010 ж. №414 қаулысымен Бейнеу ауданына қарасты Көне Бейнеу қорымы және Бекет ата жерасты мешітінің қорғау аймақтарының шекаралары бекітілген. Ансамбльге 2010 ж., 2017 ж. консервациялық-реставрациялық шаралары жүргізілген. Көшпелі өмірге үйренген қазақ халқының тұрақтайтын қоныстарына ыңғайлы және Орта Азиядан келетін көне керуен жолының бойында орналасқан мешіттің бірі осы. Мешітті Бекет ата жыл маусымдарына орай, ел балаларын оқыту үшін, сондай-ақ әрі-бері өткен жолаушылардың зиярат жасап тынығып, құлшылықтарын өтеу үшін салдырған. Бекет ата мешітіне зиярат жасаушылар алдымен қорымның батыс жақ іргесіндегі қонақ үйіне соғып, қорым ортасымен өтетін соқпақ жолмен мешітке жаяу барады. Мешіт тақтасында “Қалмақтарға қарсы азаттық күресін бастаған батыр, табиғатта өте сирек кездесетін көріпкел, аты аңызға айналған қысылғанда жебеуші Пір Бекет ата Мырзағұлұлының мешіті!”-деп жазылған. Ақ-бор тасты тау мүйісінен ойып жасалып қорымның шығыс жақ ернеуіндегі солтүстіктен-оңтүстікке қарай созылып жатқан ескі терең өзек бойына орналасқан. Мешіт диаметрі 4,5 м төбені үңгіп жасаған. Жалпы биіктігі 6 м-ге дейін. Мешіт үйі негізінен шағын төрт бөлмеден тұрады. Жалпы көрiнiсi қазақтың киiз үйiнiң пiшiнiне келедi. Бөлмелердiң қабырғалары тегiстелген, жазу, сызу ешқандай iздер кездеспейдi, әр жерлерде шамшырақ қоятын терең емес ойықтар бар. Мешіттің қасында бұлақ көзі бар. Жергілікті тұрғындар судың емдік қасиеттері бар екендігін айтады. Сырттай қарағанда құдық сияқты болып көрінетін бұлақтың суы қысы-жазы үздіксіз ағып жатады. Мешіт айналасында көлемі үлкен қорым орналасқан. Қорымнан тарихи-мәдени құндылықтары сақталу негізінде 128 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған. Ескерткіштерде рулық таңбалар, қару-жарақ, жануар суреттері әртүрлі әдістермен кескінделген.
Тарихи мәліметтермен аңыз-әңгімелер: Қазіргі Атырау облысының Жылой ауданындағы Ақмешіт елді мекенінде туған Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813) – ғылым мен білім жолын қуып, Маңғыстау, Атырау, Үстірт өңірлерінде ұстаз болған. Халқының дінге, білімге көзін ашып, мәдениеттің өркендеуіне жол ашқан. Бала оқытатын жерасты мешіттерін қашап жасаған сәулетші шебер. Қолына қару алып, көршілес қалмақ, түрікмен тайпаларымен шайқасып, халқының тәуелсіздігін қорғаған батыр. Шайқастарда Бекетке оның мейірімділік, әділдік сияқты адал қасиеттерінен туындаған бейбітшілікке деген сүйіспеншілігі сүйеу болған. Адам баласына көмектесуді және оларға білім беру, жақсылық жасауды Бекет ата Алланың бұйрығы деп санаған. Қиналғанды демеп, адасқанға жол сілтеп, қорыққанды қорғаған атаның ерекше қасиеті мен игі істерін халық қадірлеп, Пір-Бекет атады. Ел аузындағы деректер бойынша қасиетті Бекет ата жас күнінде Хиуаға рухани ілім іздеуге аттанар алдында әке-шешесінің ақыл-кеңесімен Шопан ата басына үш күн түнейді. Үшінші түнеген күні таң алдында Шопан-ата Бекеттің түсіне еніп: - Өлі әруақ тіріге пір болмайды. Хиуа шаһарына бар. Сондағы медреседе Бақыржан қажы деген ғұлама, қасиет иесі бар. Сол кісіні сағала. Сені Хиуаға алып барар пырағың үй сыртында, есік алдында тұр - деп көзден ғайып болады. Бекет оянып кетсе, түсі екен. Жалма-жан киіне сала үй алдына шықса, шынында Шопан-ата түсінде аян бергендей, ерттеулі Пырақтың көлденеңдеп тыпыршып тұрғанын көреді. Алланың құдіретімен пырақ Бекетті әп-сәтте, көзді ашып-жұмғанша Хиуа шаһарына алып барып көзден ғайып болады-мыс»-делінеді.
Дерек көздер:
- М.Қалменов, О.Көшбайұлы «Маңғыстау жер асты мешіттері». Алматы,
«Орхон» баспа үйі – 2010;
- Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қоры,
архив қоры КППМ-226 (ескерткіш паспорты).
Оқылған саны: 13854