Нысандар

Картаға енген нысындардың тізімі

Оғыланды жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті (XVIII-XIX ғғ.)

Орналасқан жері: Қарақия ауданы, Сенек ауылынан 95 км солтүстік – шығыс бағытта орналасқан.

Координатасы: N 43°35' 45.91" , E 54°4' 34.21"  

Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш алғаш рет 1973 ж. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы экспедициясымен М. Меңдіқұлов жетекшілігімен зерттелген. 1979 жылы М.С. Нұрқабаев жетекшілік етуімен «Казпроектреставрация» институтының архитекторлар тобымен зерттелген. Ескерткіштің алғашқы мемлекеттік қорғауға қабылданған 26.01.1982ж.№38 Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізіліп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің 16.05.2000ж.№897 шешімімен жергілікті дәрежеден республикалық дәрежеге өтті. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 ж. 30 наурыздағы №119 бұйрығымен республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Маңғыстау облысы әкімдігінің 03.09.2014 ж. №209 қаулысымен Қарақия ауданына қарасты Оғыланды жеріндегі Бекет-ата жерасты мешітінің қорғау аймақтарының шекаралары бекітілген. Мешітке 1996, 2000, 2003, 2006, 2010 жылдары «Маңғыстауреставрация» АҒЖӨШ ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізді, зиярат етушілер дамылдайтын көлемі үлкен мешіті бар кешен тұрғызылды. 2016 ж. Бекет ата мешітінің техникалық жағдайын және жылу ылғалдық режимін анықтау бойынша «Қазреставрация» РМК мамандарымен зерттеу жүргізілді.

Мешіт табиғаты көркем Оғыланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалған. Мешіт төрт бөлмеден тұрады, төргі бөлмеде қасиетті сырық ағашы бар. Мешітке кіретін аласа тар есік бар. Бірінші бөлме жоғарғы ортасынан жарық түсетін күмбез тәрізді бөлме ауыз үй. Оның батыс жағында михрабы оңтүстікке қаратылған намаз оқитын, ал оңтүстік-шығысында екі бөлме, оның біреуінде Бекет атаның өзі жерленген. Ата пайғамбар жасына келіп (63 жасында) қайтыс болған. Түпкі бөлмеде Бекет атаның көзі тірісінде жан дертіне шипа іздеп келген адамдарға дұға етіп, дем салған ағашы тұр. Бөлмелердің бәрі де дөңгелек пішіндес. Олардың биіктігі 2,7-ден 3,5 метрге дейін. Қабырғаларында шырағданға арналған ойықтар орналасқан.

Тарихи деректер мен аңыз-әңгімелер: Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813 жж.) – қазіргі Атырау облысының Жылой ауданындағы  Ақмешіт елді мекенінде туған. Маңғыстау, Үстірт, Атырауды мекендеген Адай тегінен шыққан қазақ халқының данасы, тарихи тұлға. Бекет – ел тәуелсіздігі үшін сыртқы жауларға қарсы қол бастап, ерлігін көрсете білген батыр.  Ғылым мен білім жолын қуып, Маңғыстау, Атырау, Үстірт өңірлерінде ұстаз болған, медресе мен мешітке қолайлы болатын, бала оқытатын жерасты мешітін қашап жасаған сәулетші-шебер. Бойына табиғаттың тылсым күшін игерген, ауруды жазған, жатқанды аяққа тұрғызған емші. Жас кезінде қолына қару алып, көршілес қалмақ, түрікмен тайпаларымен шайқасып, халқының тәуелсіздігін қорғаған Бекет ел аузында Ер-Бекет атанды.

Жас кезінде жолаушылап келе жатып, Жем өзенінің тұсындағы бір өткелден өтерде өзенге көзі түскен Бекет су ішінен әуелі бір саусақ, сосын бес саусақ көтеріліп, ақыр аяғында ол да көрінбей батып кетіп, орнына отыз, одан соң қырық саусақтың шошайып шыққанын көріп ойға қалады. «Е-е, Алла тағаланың ақ жолға бағыттаған аяны шығар бұл. Жасаған иемнің жалғыз саусақ көрсеткені-«бір Құдайыңды біл», бес саусақты шошайтқаны – «бес уақыт намазыңды қаза қылма», отыз саусағы – «отыз күн оразаңды ұста», қырық саусағы – «қырық парызыңды орындап жүр» дегені екен ғой» , - деп ой түйген Бекет осыдан бастап нағыз Құдай жолына түсіпті.

Бекет ата Хиуадағы Шерғазы медресесін бітіріп, еліне келгенде халықты сауаттандыруды мұрат еткен, кішкентайынан дін жолын терең игергені оның нағашысы қожа тұқымынан екен. Атақты Бақыржан-қажыдан дәріс алған Бекет еліне қайтып, ұстазының ісін жалғастырып, жер-жерден жерасты мешіттер салған. Халық Бекет ата рухына: «Әуелі бір Алла, сонан соң Пір Бекет», – деп сыйынған. Бекет атаның 5 мешiтi бар. Бекет ата жерасты мешіттері – оның дарынды сәулеткерлігінің, биік талғамының куәсі, халық құрмет тұтатын, әулиелік орын деп саналады. Олар: Жем бойындағы Ақмешiтте, Ескi Бейнеуде, Тобықтыда, Оғыландыда және Байшағырда.

Ел арасындағы аңыздарға қарағанда Бекет атаны осы жерден мешiт салуға бастап келген де осы Оғыланды екен. Оғылан түркi тiлдестер сөзi, ол ұлан, бала деген ұғымды бередi. Көшпендiлердiң тұрмыс-тiршiлiгiне байланысты бiр орайда бiрыңғай балалар дүние салып, осында жерленсе керек. Қорым қатардағы қарапайым орын емес, бiрыңғай балалар жерленген жер болып, әулиелiк “Оғыланды” деп аталады. Бекет атаның өзi көзi тiрiсiнде маған ниет қойып, келгiсi келген, шарапат тапқысы келген адам әуелi Оғыландыға соғып зиярат етiп барып келсiн деп жұртшылықты дағдыландырған. Оғыланды балалар қырғынының қорымы, киелi, қасиеттi орын ретiнде бағаланып, қадiр тұтылып келедi.

Қиналғанды демеп, адасқанға жол сілтеп, қорыққанды қорғаған бұл ғажайып жанның өнегелі өмірі, ерекше қасиеті, игі істеріне халқы сүйсініп, Пір-Бекет атады. Ұрпақтары оның атын Ұран, ісін Аңыз етті. Күні бүгінге дейін дүниенің әр түкпірінен жандарына шипа, көңілдеріне медеу іздеп келген халық осы қасиетті орынға келіп зиярат етеді.

Қазіргі уақытта Бекет-Ата мешіті қалпына келтірілді, аумағы жақсы жабдықталған, үстіңгі бетінде көптеген зияратшылар үшін үлкен кешен салынып, қасиетті орынға айналды. Бекет ата жерасты мешті пайғамбар Мұхаммед пен Қожа Ахмет Яссауидің жерлеуіне сәйкес келеді.

Дерек көздер:

1. Айбын. Энциклопедия. Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет;

2. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Б.Тоғысбаев, А.Сужикова – Алматы. “Алматы кітап баспасы”, 2009;

3. Атырау: Энциклопедия-Алматы: Атамұра, 2000;

4. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010;

5. АЛАШТЫҢ АРДАҒЫ (елтанымдық және тілтанымдық жинақ). Құрастырған Е.Е.Тілешов, Г.П.Әріпбек. Астана: «Руханият», 2010;

6. «Бекет-атаның сұпылық жолы», Б.Әбдірахманов. Алматы: Нұрлы әлем, 2010;

7. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қоры, архив қоры 209 (ескерткіш паспорты).


Оқылған саны: 10570

Қызылсу қорымы

Қызылсу қорымы,  Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Сенек ауылынан солтүстікке қарай 21 шм жерде орналасқан...

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы, "Қор" бөлімінің құжаттары

Ұлыкіндікті діни-қабірлеу кешені

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Сенек ауылынан 35 шақырым солтүстік бағытта орналасқан. 1998 жылы анықталды. 2005 жылы археолог А.Астафьевтің жетекшілігімен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы қызметкерлері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. ...


Уәлі қорымы

Уәлі қорымы Өтес селосынан солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде, 180 шақырымдық Өтес – Бейнеу ауыл аралық жолының маңында орналасқан. ХI-ХХ ғғ. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Өтес селосынан солтүстік-шығысқа қарай 60 км  қашықтықта орналасқан. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш....


Ортағасырлық Қызылқала қалашығы

Қызылқала қалашығы, Маңғыстау ауданы, Шетпе кентiнен 20 км солтүстiк бағытта Ақмыш бұлағының маңайында орналасқан....


Қырғын қорымы

Қырғын қорымы Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы  Жетібай ауылынан 5км батыс бағытта орналасқан.  ХIХ-ХХ ғасырлар,  Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш. ...


Шерқала тауы (X – XIII ғғ.)

Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі № 279 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енді....


Ұлыкіндікті кешені

1998 жылы анықталды. 2005 жылы археолог А.Астафьевтің жетекшілігімен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық қызметкерлері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген....


Booking.com
Страницы: 1234567