Нысандар

Картаға енген нысындардың тізімі

Шақпақ ата қорымы және жерасты мешіті (XIV–XIX ғасырлар)

Орналасқан  жері: Түпқараған ауданы, Таушық ауылынан 30 км солтүстік-батыс бағытта орналасқан.

Координатасы: N 44°26' 2.29" , E 51°8' 10.08"  

Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш 1965-68 жылдары Қазақ КСР ҒА Қ.Сәтбаев атындағы Геология институтының экспедициясының зерттеушісі А.Медоевтың жетекшілік етуімен, 1973 ж. В.И. Ленин атындағы Қазақ КСР ескерткіштерді қорғау қоғамының Орталық Кеңесінің архитекторы М.Меңдіқұлов, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1976 ж. А.Итенов, 1979ж. М. Нұрқабаев басқарған экспедициялармен зерттелген. Ескерткіш алғаш рет Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №38 Қаулысы бойынша 26.01.1982 ж. республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған. Кейіннен, ҚР Үкіметінің 2008 ж. 21 наурыздағы №279 қаулысына өзгерістер енгізіліп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 ж. 30 наурыздағы №119 бұйрығымен республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Шақпақ ата мешiтi - Арал-Каспий өңіріндегі қабырғалары жазулармен және суреттермен шимайланған жалғыз ескерткiш болып табылады. Жартастағы мешіт геолог А.Медоевтің айтуы бойынша «Өте күрделі архитектуралық ескерткіш, Қазақстанның сирек кездесетiн жартасты сәулетшілік өнерінің тамаша көрінісі» болып табылады. Ол әктасты тау қабатынан ойыла қашалып жасалған. Жоспарда мешіт бөлмелері жарықтың жан-жақты сәулелеріне бағытталған латындық крест пішінінде болып келеді. Жартас ішіндегі жасанды үңгір түрінде жасалған мешіттің ішкі бөлмелері орталық зал арқылы шарбақ тәрізді орналасып, солтүстік, оңтүстік, батыс, шығысқа қарай бағышталған. Мешіттің іші мен есіктерінің мәнер өрнектері ерекше көркемделген, оларды өшпейтін бояулармен безендірген», – деп сипаттаған. Орталық зал жартас қабаттарынан ерекшеленген аркаларға ұқсатылып, үстіңгі қабаттары бар бағаналарға жалғаса сфералық күмбезбен көркемделген. Аркаларда сәндiк қолтаңбалар iздерi сақталған. Күмбездің тас төбесінен құдық тәріздес етіп жарық ойығы қашалып қалдырылған. Сыртқы бетінен жарық ойығының үстіңгі бөлігінен аркалық үлгідегі төрт ойықтары бар шағын архитектуралық құрылыс тұрғызылған. Мешiттің негізгі кірісі үшбұрышты арка пішінінде болып келеді. Кірістің оң және сол жақтары төменінде көптеген жерлеу қалдықтары сақталған қуыс-ойықтар жасалған. Зерттеуші М.Меңдіқұлов бұл діни ғимараттың негізін XIV-XVI ғғ. қыпшақ-ноғайлы кезеңдерімен белгілеп, алтын ордалық Өзбек ханның тұсында (1312-1342 жж.) салынған деген пікір айтады.

Мешіттің солтүстiк-батыс бағытынан Шақпақ ата қорымы орналасқан. Қорым кешенді екі бөліктен: түркімен руларына қатысты ежелгі және қазақ тұрғындарымен байланысты жаңа кезеңді қабірлеу құрылыстарынан тұрады. Археологиялық зерттеулерге сәйкес мешіт жанындағы алғашқы жерлеу кешендері 14 ғ. қалыптаса бастаған. Белгісіз себептер бойынша 14-16 ғғ. жерлеулері қандай да бір қабірүсті құрылыстарымен байқалмайды. 17 ғ. бастап сандықтастар мен оларға орнатылған қойтас, сондай-ақ табиғи тастан жасалған жұп тас белгілері тәріздес шағын қабіртастардан қалыптаса бастаған. Бұл кезеңнің ескерткіштері тақуалық үлгіде болып табылады.

2008 жылы өңірлік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысының ескерткіштері сериясын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енгізуге ұсынуға дайындық жұмыстарының пилотты жобасы ретінде ескерткіштің қорғау аймақтарында археологиялық зерттеу, топографиялық, кешенді инженерлік, сәулет-археологиялық және этнологиялық зерттеулері, қорғау аймақтарын жобалау жұмыстары өткізілді (орындаушылар – А.Астафьев, М.Қалменов, Е.Хорош, Л.Бисембиева және басқалар). 2009 ж. өңірлік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мамандарымен араб графикалы жазуларының мәтіндері зерттеліп, Шақпақ ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасыальбом-кітабы шығарылды. Араб, парсы, түрік-шағатай тілдерінде қалдырылған жазулар мешіттің сопылық мекен және киелі орын болып табылатынын куәлайды. Мәтіндердің көпшілігі келушілік сипатта болып келеді. Бұл жерде Қажы-Тархан (Астраханның бұрынғы атауы), Қазан, Әзірбайжан, Хорезм, Бұхара мен Андиджан елдерінен келушілердің белгілері бар. Жазуларда кездесетін ең ежелгі келушілердің уақыты 1707-08 жж. қатысты. Келушілер өз руларын жиі көрсетеді - арабаджа, жары, таз, түрiкмен-адай. Мешіт және жерлеу ойықтары қабырғаларында атты әскерлер мен садақшылардың, жылқы, сiлеусiн, көп жылдық лотос гүлі, әртүрлi семантикалық түсiндiрмесi болатын ашық алақан, мысалы Фатиманың алақаны суреттерi кездеседi.

Маңғыстау облысы әкімдігінің 08.12.2010 ж. №414 қаулысымен ескерткіштің қорғау аймақтарының шекаралары бекітілген. Ескерткішке 1983 жылы және 2014 жылы «Маңғыстауреставрация» АҒЖӨШ мамандарымен ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді.

Тарихи деректер мен аңыз-әңгімелер: Шақпақ атаның өмір сүрген уақыты белгісіз, зерттеушілердің айтуы бойынша, шамамен орта ғасыр болуы керек. Ел аузында сақталған мәліметтерге қарағанда, Шақпақ ата мұсылманшылықты терең меңгерген, шәкірт тәрбиелеп, бала оқытқан, діндарлығымен қатар қалмақтармен соғыста атағы шыққан батыр болыпты.

Серікбол Қондыбайдың мифологиялық зерттеуінде Шақпақ ата – өлгендерді желеп-жебеуші, жыландардың әміршісі. Тарихи тұлға ретінде шын аты –Шахмардан, ол – Шопан атаның немересі. Шақпақ ата деген атқа ие болған себебі – жаумен шайқаста қаруынан оттың ұшқындары шыққан. Аңыз деректер бойынша, от керек болғанда Шақпақ ата бір тырнағын екінші тырнағына тигізсе болғаны,  ұшқындар жан-жаққа шашырайды екен. Оны халық тастан от шығарып, жауын отпен күйдіріп жіберетін құдіреті үшін құрметтеген. Келесі бір аңызда, Ата бірде-бір ауылдың жанынан өтіп бара жатып, күйеуінің әйелін ұрып-соғып жатқанының куәсі болған. Жанжалға себеп, отбасында баланың болмауы екен. Шақпақ ата жылдам бейшара әйелге араша түсіпті. Мүмкін алғысын білдіргісі келді ме, әлде бұдан былай күйеуінен көрген қорлыққа төзбеуді мақсат тұтты ма, әлгі әйел Шақпақ атаның артынан еріпті. Содан олар тоқтаған сол құлазыған қу далада жер астынан бұлақтар жарып шығып, шелектеп нөсер жауын жауып, тіршілік жаңарып, жақсарып, құлпырып кетіпті. Содан кейін-ақ бұл жерге жан-жақтан адамдар өз қиыншылықтарынан арылтатын бір көмек іздеп көптеп келе бастаған.

Дереккөздер:

1. Маңғышлақта өмір сүрген және өлген киелі ханафие секталары жайында адайлардың аңыздары. // Кавказ тау халқы туралы мәліметтер жинағы. 7 шығарылым. Тифлис, 1873;

2. Серікбол Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Арыс» баспасы-2007;

3. М.Қалменов, О.Көшбайұлы «Маңғыстау жерасты мешіттері». Алматы, «Орхон» баспа үйі – 2010;

4. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қоры, архив қоры КППМ-229 (ескерткіш паспорты).

 


Оқылған саны: 1351

Шерқала тауы (X – XIII ғғ.)

Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі № 279 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енді....


Ұлыкіндікті кешені

1998 жылы анықталды. 2005 жылы археолог А.Астафьевтің жетекшілігімен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық қызметкерлері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген....


Тамшалы сайы

Еділ-Орал археологиялық экспедициясымен 1982 жылы анықталып, қосымша зерттеулер 2009 жылы жүргізілген.Алғаш рет 07.05.1993 жылы облыс әкімінің №487 шешімімен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген....


Саура сайы

Алғаш рет 07.05.1993 жылы облыс әкімінің №487 шешімімен мемлекеттік қорғауға алынған. Саура жерінің туристік тартымдылығын арттыру мақсатында 2014 жылы археолог А.Астафьевтің жетекшілік етуімен Саура бекінісіне археологиялық зерттеулер жүргізілді....


Самал сайы

2004 жылы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мемлекеттік мекемесі зерттеген. Қорым алғаш 05.10.2004 жылы Маңғыстау облыс әкімиятының №197 қаулысымен мемлекеттік қорғауға алынған....


Махтум баба мешіті

Алғаш рет 25.03.1982 жылы Халық депутаттарының Маңғышлақ облыстық кеңесі атқару комитетінің №121 шешімі бойынша мемлекеттік қорғауға алынған. Шатқалда (1851 ж. мамыр айында) Т.Г.Шевченко болған және зираттың бір көрінісінің суретін салған. Осыған орай шатқал жарларының бірінде ескерткіш тақта орнатылған....


Қыз әулие кесенесі

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енді. Осы Есет елді мекенінде әулие саналып, киелі орындарға айналған жерлер бар....


Страницы: 123456