Нысандар

Картаға енген нысындардың тізімі

Т.Г.Шевченко (1847-1857 жж.) мемориалды кешені, 1932 ж.

Орналасқан жері: Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы, Т.Г.Шевченко атындағы парк, Б. Маяұлы к-сі, 7.

Координатасы: N 44°30' 10.53" , E 50°15' 53.01"  

Ескерткіштің сипаттамасы: «Қазпроектреставрация»  экспедициясымен архитектор М.Нұрқабаев жетекшілігімен (1979 ж.) зерттеу жұмыстары жүргізіліп, реставрация жобасы жасалған, 1981ж. «Манғышлақреставрация» АҒЖӨШ-мен реставрациялау жұмыстары жүзеге асырылған, жертөленің үстіне павильон орнатқан.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 ж. 30 наурыздағы №119 бұйрығымен республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қазіргі таңда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жалпыұлттық маңызы бар киелі нысандар тізіміне енді.

Тарихи-деректер, аңыз-аңгімелер: Т.Г.Шевченко – Новопетровск бекінісінде айдауда болған украин халқының ұлы ақыны, талантты суретшісі, драматург, этнограф, қоғам қайраткері және саясаткер, ұлы Кобзарь атанған тұлға. 1847 жылы Кирилл-Мефодий қоғамына қатысқаны үшін тұтқындалған, 10 жылға айдалып, Қазақстанға жер аударылады. 1850 жылы көктемде құпия өсектер бойынша «Жазбау және сурет салмау керек» деген патша жарлығын бұзғаны үшін Шевченко қайта тұтқындалып, нәтижесінде қатаң бақылаумен Ново-Петровскіге айдалды (1850-1857 жылдары). Жарты жылдай әртүрлi түрме камераларында отырған Шевченконы Ново-Петровск бекінісіне тас көмiрдi зерттеу үшiн емес, қатал қадағалаудағы майданға жіберген еді. Ново-Петровскіде Шевченкоға жазуға, сурет салуға қатаң тиым салынып ғана қоймады, қарындаштар, сия, қауырсындар мен қағаз ұстауға да рұқсат берілмеді.

1853 жылы Ново-Петровск бекінісіне Усковтың келуімен ғана Шевченко өмірі айтарлықтай өзгерді. Ново-Петровск коменданты майор Усков Ираклий Александровичтің (1810-1882 жж.) Шевченкоға деген достық қарым-қатынасы мен оған коп жылдық көмегі ең алдымен оның жеке адамгершiлiгiмен және озық көзқарастарымен ұғындырылады. Ол Ново-Петровск бекінісінің коменданты болған кезінен бастап, Шевченкомен жақын танысып, айдауда жүрген ақынның жағдайына жұмсақтықпен қарауды өзінің міндетіне алды...

Осындай қиын кезеңдерге қарамастан Т.Г.Шевченконың кемелденген шығармашылық өмірі Маңғышлақ жерінде өтті.Ақын Орынбор аймағында, Арал теңізінде болып, Маңғышлақ түбегінде 7 жыл тұрды. Ол қатаң климат, «құм мен тастар», еріксіздік мәжбүрліктің салдарынан Шевченко бұл жерді «шекарасыз зындан», «қазылған мола» деп атаған. Қазақ жерінде қазақ халқының дәстүрін, мәдениетін, күнделікті тұрмысын зерттеген. Арал теңізін зерттеу экспедициясының құрамында болды. Қаратау тауында геологиялық экспедицияларға қатысты.

Тарас Шевченко қазақтар мен сол аймақтың табиғатын суретте бейнелеген, этнографиялық деректерді сурет арқылы таңбалаған. Маңғышлақ түбегінде алғашқы ағашты отырғызған. Сол тал бүгінгі күнге дейін «Тарас талы» деп аталып кеткен. Сол себепті, Тарас Шевченконың қазақ жеріндегі қызметі ұлттар арасындағы достастықты, бауырластықты көрсетеді. Бұл мемориалды кешен мен мұражай қазақ және украин халықтары үшін маңызды орын алады. Қазақстанда болған кезінде Т.Шевченко географиялық зерттеу жұмыстарына белсене қатысқан. Ұлы ақын қазақ өлкесін алғашқы зерттеушілер – атақты ғалым Карл Максимович Бэрмен, саяхатшы Карелинмен Арал «Колумбы» атанған Бутаковпен, саяхатшы-географ Макшеевпен, геолог Антиповпен достық қарым-қатынаста болған.

Тарас Шевченко қазақ тақырыбына көптеген жыр арнаған, иллюстрация-суреттер салып, қазақ халқының тіршілігін бейнелеген. Ол20-ға жуық повесть, 100-ден астам өлең, 500-ге тарта сурет салды. Оның осы кезде жазылған «Түс», «Тәңірінің қолында еді балта» өлеңдерінде, «Егіз», «Варнак», «Бақытсыз» повестерінде қазақтардың өмірі арқау етілді. Ново-Петровскіде «Наймичка», «Капитанша», «Музыкант», «Бақытсыз», «Егіз», «Суретші» повестерін жазды. Түбек қазақтарының тұрмысына, әдет-ғұрыптарына, өміріне арналған өзінің көркем жұмыстарына Тарас Григорьевич көп бақылағыштығын, талантын, күш-жігерін жұмсады. «Шерқала», «Бақташы», «Қамыс», «Киіз үйде», «Қазақ қызы Катя», т.б. суреттерін салды.

1925 жылы Қазақстан үкіметі ұлы украин ойшылы, ақын, суретші Т.Г.Шевченконың Форт-Шевченко қаласында мемориалдық музейін ашу туралы шешім қабылдады. Шевченконың есіміне байланысты жәдігерлер мен мәліметтер жинастыру, дайындық жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде арнайы комиссия құрылады, сонымен 1932 жылы 1 мамырда салтанатты түрде ашылды. Музей қуғынға ұшыраған ақынға барынша қолдау көрсеткен бекініс коменданты И.А. Усковтың 1853 жылы салдырған жазғы үйінде орналасқан. Музейге Шевченконың шығармалары, күнделігінің көшірмелері, суреттерінің, автопортреттерінің көшірмелері және басқа да құжаттары қойылды.  Көптеген құжаттар оның отаны Украинадан әкелінген. 1981 жылы Т.Г.Шевченко мемориалдық музей кешені республикалық статусқа ие болды. Жертөлесі қалпына келтірілді. Кешен құрамына ақынның отырғызған қызылталы, айдауда болған күндерін өткізген жертөлесі, екі құдығы, шығыр және оның достары әкеліп орнатқан мүсіні кіреді. 1981 жылы бұл республикадағы және әлемдік деңгейдегі Т.Шевченконың алғашқы музейлерінің бірі болатын. Ғимарат жоспарда төртбұрышты, үш үлкен бөлмеден тұрған. Жылу жүйесі болмаған, себебі үй тек қана жазғы уақытта ғана пайдаланылған. Ақынның казармадағы әскери қызметтен қолы бос кезінде демалатын, жұмыс істейтін жер үйі баяғы күйінде сақталған. Осында отырып ақын талай суреттерін салған, өлеңдерін жазған. Жер үйде  еменнен жасалған стол, орындық сақталған. Жер үйдің алдындағы тас столда ақын күнделікті әдеби шығармаларын жазған, суреттерін салған. Ол тамаша пейзаждар, тарихи және тұрмыстық жанрлардағы суреттер, портреттер жасайды. Шевченко қазақ халқының материалдық мәдениет ескерткіштеріне, этнографиясына ерекше ықыласы Маңғыстау түбегінде, оның ішінде Новопетровск бекінісінің айналасында да көптеп кездесетін архитектуралық ғимараттар, ескерткіштер, қорымдар оның суреттерінің негізіне айналады. 1939 жылы Тарас Шевченконың туылғанына 125 жыл толуына орай қала Форт-Шевченко аталады. Қазіргі таңда ескерткіш Т.Г.Шевченко өмірімен шығармашылығына арналған музей үйі ретінде көпшілікке қызмет көрсетеді.

Дерек көздер: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қоры, архив қоры.

 


Оқылған саны: 13252

Қамысбай қорымы

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Шетпе селосынан 14 км. оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан. ХVІ – ХIХ ғғ...

Маңғыстау мемлкеттік тарихи-мәдени қорығы

Ақүйік қорымы

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Шетпе аулынан оңтүстік-шығысқа қарай 17 шм орналасқан...

Маңғыстау мемлкеттік тарихи-мәдени қорығы

Қапаш мешіті, шебер Капаш Қинақұлы

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жармыш ауылынан солтүстік-батысқа қарай 20 шм жерде орналасқан....

Маңғыстау мемлкеттік тарихи-мәдени қорығы, "Қор" бөлімінің құжаттары

Қызылсу қорымы

Қызылсу қорымы, Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Сенек ауылынан солтүстікке қарай 21 шм жерде орналасқан...

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы, "Қор" бөлімінің құжаттары

Ұлыкіндікті діни-қабірлеу кешені

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Сенек ауылынан 35 шақырым солтүстік бағытта орналасқан. 1998 жылы анықталды. 2005 жылы археолог А.Астафьевтің жетекшілігімен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы қызметкерлері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді....


Уәлі қорымы

Уәлі қорымы Өтес селосынан солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде, 180 шақырымдық Өтес – Бейнеу ауыл аралық жолының маңында орналасқан. ХI-ХХ ғғ. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Өтес селосынан солтүстік-шығысқа қарай 60 км қашықтықта орналасқан....


Ортағасырлық Қызылқала қалашығы

Қызылқала қалашығы, Маңғыстау ауданы, Шетпе кентiнен 20 км солтүстiк бағытта Ақмыш бұлағының маңайында орналасқан....


Booking.com
Страницы: 12345678